Президент Түрікменстан басшысымен телефон арқылы сөйлесті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Түрікменстан басшысымен телефон арқылы сөйлесті

28.04.2021

Мемлекет басшысы Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен телефон арқылы сөйлесті. Президенттер өзара сауда көлемін арттыру, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, энергетика, көлік және логистика салаларындағы жобаларды жүзеге асыру мақсатымен Қазақстан мен Түрікменстанның күш біріктіруге дайын екенін жеткізді. Екі ел арасындағы ынтымақтастықты арттыра түсу мақсатында биыл Үкіметаралық комиссия отырысын өткізуге келісті. Қасым-Жомарт Кемелұлы Орталық Азия елдері басшыларының кезекті консультативтік кездесуін Түрікменстан астанасында өткізуді қолдайтынын жеткізді.

Сондай-ақ Түрікмен басшысына көңіл айтып, әкесінің қазасына ортақтасатынын білдірді. Гурбангулы Бердімұхамедов өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаевты өзекті мәселелерді талқылап, маңызды келісімдерге қол қою үшін Түрікменстанға жұмыс сапарымен келуге шақырды.

Сондай-ақ, Президент ArcelorMittal компаниясының атқарушы төрағасы Лакшми Митталды қабылдады. Кездесу барысында ауаға шығарылатын қалдықтарды азайту және жылу электр орталығын жаңғырту туралы жоспар талқыланды. Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттыру, жоғары сапалы өнеркәсіптік өнімнің түрлерін көбейтіп, оның экспортын ұлғайту, заманауи технологияларды енгізу, сондай-ақ, жаңа жұмыс орындарын ашу керегін айтты.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу