Жезқазған, Қарағанды, Теміртау қалаларында бүгіннен бастап 1-5 сынып оқушылары қашықтан оқу форматына көшті. Мұндай шара індеттің таралуына жол бермеу үшін қабылданған. Жезқазған қаласының маңындағы төрт ауылдық мектепте және өңірдің басқа қала, аудандарында штаттық режимде сабақ беру жалғасады.
Ал Алматы облысында кейбір карантиндік шаралар жеңілдеді. Оқушы саны 300-ден аспайтын қала және ауыл мектептерінде сабақ дәстүрлі форматқа көшті. Бірақ сыныптарда бала саны 25-тен аспауы тиіс. Сондай-ақ бүгіннен бастап облыс бойынша кәсіпкерлер «Ашық» бірыңғай жобасының талаптарымен жұмыс істеуге кірісті. Қазірдің өзінде Талдықорған қаласында 90-ға жуық нысан тіркеліп, халыққа қызмет көрсетуін бастап кетті. Олардың қатарында 80 қоғамдық тамақтану орны, фитнес орталықтары мен екі кинотеатр бар. Өңір тұрғындары да жаңа жүйеге бейімделіп, мобильді қосымша жүктеп, қажетті қызмет түрлерін алуда.
Диас Бейсенбек, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының ресми өкілі:Өңір «қызыл» аймақта болса осы жоба бойынша кәсіпкерлік нысан «сары» аймақтың талаптары бойынша жұмыс істейді. Егер өңір «сары» аймақта болса онда кәсіпкерлік нысан «жасыл» аймақтағы ережелер бойынша жұмыс істейді.
Қуаныш Қанатұлы