Алматыда букмекерлік кеңсенің күзетшісін оңдырмай сабап кеткен қарақшылар іздестіріліп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда букмекерлік кеңсенің күзетшісін оңдырмай сабап кеткен қарақшылар іздестіріліп жатыр

22.01.2019

Алматыда букмекерлік кеңсенің күзетшісін оңдырмай сабап кеткен қарақшылық топ бұған дейін талай ұрлық жасаған кәнігі ұрылар болуы мүмкін. Өйткені оңбай таяқ жеген Қайрат Елтімбаевтың айтуынша, 20-25 жас аралығындағы баукеспелердің шапшаң әрекеті алдын ала жоспарланған. Басы 5 жерден жарылып, өлім аузынан қалған азаматтың ендігі жағдайы не болмақ? Қаланың қақ орталығында ойрандаған қарақшылар ұсталды ма?

Күні кеше осылай ойда жоқта таяқ жеген Қайрат Елтімбаевтың жасы 37-де. Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі мектептегі еңбекақысы мардымсыз болғандықтан, қауіпті жұмысқа жалақысы жоғары болады деп келген. Мұнда да ойынхананы 60 мың теңгеге күзетеді. Өзбекстаннан көшіп келген күзетші осал жігіт емес. Тек, таңға жақын ұйықтап кетпейін деп телефонға қарап отырып, қарақшыларды байқамай қалыпты.

Қайрат Елтімбаев, зардап шегуші:

- Сөз айтпаспан ұра бастады. Бір минут өткеннен кейін «тыныш жат» деп орыс тілінде айтты. Қолым сынып, қорғансыз күйде екенімді түсіндім. Қызды да 1-2 рет ұрып, кассадан ақшаны алып, қашып кетті.

Қайрат көрсете алмай қалған қарусыз Қайратты адам құрлы көрмей сабаған қарақшылар кассада отырған бойжеткенді бетінен теуіп, қас қағым сәтте аяқ-қолын матап тастаған. Кассадан 1 млн теңге көлеміндегі қаржыны алып, ізін суытқан. Ал, жедел жәрдеммен аураханаға түскен Қайрат алғашқы көмектен кейін аурухананың төсегіне таңылып жатуды жөн көрмепті.

Жасұлан Арғынбаев, дәрігер-травматолог:

- Кеше бізге науқас келіп түсті. Жалпы, жағдайы орташа ауыр дәрежеде. Келіп түскендегі диагнозы - бас миының жарақаты. Миының шайқалуы. Басының ашық жарақаты. Ол кісіге біз бірінші медициналық көмек көрсеттік. Ол өз еркімен біздің медициналық көмектен бас тартты.

Полицейлер ұйымдасқан ұрыларды іздеп жатқанын айтады. Ал, ойынхананы күзетіп, нәпақа табамын деп ойда жоқта опық жеген Қайрат енді мұндай қауіпті жұмыс істемейтінін жеткізді. «Себебі нақ сол кезде өліп кетсем, сұраусыз қалатын едім», дейді ол. Букмекерлік орталық басшылығының «емделуге өзіміз көмектесеміз» деген сөзі жанына демеу.

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу