Алматыда букмекерлік кеңсеге шабуыл жасалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда букмекерлік кеңсеге шабуыл жасалды

21.01.2019

Алматыда бүгін таңғы бестер шамасында үш ер адам букмекерлік кеңсенің күзетшісін қанжоса қылып сабап кетті. Сабап қана кеткен жоқ, күзетіп отырған орталығының кассасының түгін қалдырмай тонап кеткен. Беттерін бүркемелеген сұғанақ қолдылардың қарақшылық әрекеті бейнебақылау камерасына түсіп қалған.

Нұрлан Асқарұлы, тілші:

- Жұрттың жағасын ұстатқан жайсыз жағдай Абай даңғылы мен Сайын көшесінің қиылысындағы букмекерлік орталықта болған. Қызметкерлердің айтуы бойынша, дәл сол оқиғадан 40 минут бұрын бейтаныс жігіт келіп, осы жерден ақпарат жинап кеткен. Артынша темірмен қаруланған үш бұзақы келіп, екі қызметкерді аяусыз соққыға жығып, кассаны тонап кеткен.

Бұл дерекке қатысты Әуезов аудандық полиция бөлімінде Қылмыстық кодекстің 192-бабы 2-тармағы бойынша сот алды тергеу амалдары басталды. Осы қылмысты ашуға бағытталған жедел-тергеу іздестіру тобы құрылып, арнайы шаралар қолға алынған.  

Ал, жергілікті тұрғындар бұл бірінші жағдай емес. Ойыннан ұтылып, ақырғы тиынынан айырылып ашуға булыққандар күн сайын осылай төбелес шығарып, айдың-күннің аманында бір-бірлеріне жұдырық ала жүгіретін айтады. Сондықтан, осы сәтті таспаға басып алған кәсіпкер Мезраб «үреймен өмір сүреміз», деп ағынан жарылды.  

Мезраб Халилов, кәсіпкер:

-  Бұл ауданда мұндай жағдай жиі-жиі қайталанады. Адамға қарақшылық шабуыл жасап, пәтер тонау. Мәселен, іргеде тұрған менің дүкеніме де бірнеше рет ұры түсті. Өкініштісі сол, олар ұсталғанымен, әкімшілік жаза, айыппұл төлеу арқылы құтылып кетеді. Сондықтан, баукеспелер үйреншікті ісін қымсынбай қайта жалғастыра береді. Осы себепті, оларға қатысты жазаны күшейту керек деп ойлаймын. 

Ойынхананы күзетемін деп ойда жоқта бетперде киген бұзақылардан оңбай таяқ жеген күзетші жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Қалалық денсаулық сақтау басқармасы науқастың өтініші бойынша оның жағдайы туралы ақпарат бермеді. Ал, сол кезде кассада отырып, үшінші қарақшының соққысына жығылған қыздың жай-күйі бірқалыпты. Психологиялық шок алған бойжеткен дәрігерлердің көмегінен кейін үйіне жіберілген. Жалпы, бұл мегаполистегі кезекті тонаушылықтың таспаға басылып қалған біреуі ғана екенін ескерте кеткен жөн. Осыдан жарты жыл бұрын Денис Тенге жасалған осындай қарақшылық шабуылдың соңы қайғылы жағдаймен аяқталған еді.  

Нұрлан АСҚАРҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу