Батпақтан көз ашпаған түркістандықтар базынасын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батпақтан көз ашпаған түркістандықтар базынасын айтты

22.04.2021

Түркістанның іргесіндегі Тұран шағын ауданының тұрғындары бірнеше айдан бері лай-батпақтан көз ашпай отыр. Ондаған көшеге кәріз құбырын тартпақ болған мердігер жұмысты аяқсыз қалдырған. Жол-жөнекей ашық-шашық жатқан шұңқырларға талай рет балаларымыз түсіп кетіп, мертігіп қала жаздады деп шағымын айтқан жұртпен тілшіміз Айнұр Ақбаева тілдесіп келді.  

Тұран шағын ауданында кәріз құбырларын тарту үшін көшеге қаңтар айында шұңқырлар қазылған. Арада 3 ай өтсе де көмілмей, ор со күйі ашық шашық қалған. Содан бері тереңдігі 3 метрлік шұңқырға талай рет үлкен де, кіші де түсіп кетіп, мертігіп жатыр.  

Индира Кадирова, Тұран шағын ауданының тұрғыны:
Балам түсіп кетті, сәл болмағанда мүгедек болып қала жаздады. Басқа жердегілер 10 метр қазып, көміп кетіп жүрді. Ал бізде 3 ай жүрді. 

Бастапқыда бұл көшеге тұрғындар өз күштерімен тас төсеп,тегістеген. Алайда мердігер мекеменің техникасы бәрін қазып, бүлдіріп кетті деп отыр.

Ерік Узайыров,  Тұран шағын ауданының тұрғыны:
Өзіміз қалтамыздан ақша шығарып, мына көршінің камазы бар, мынаның ховасы бар, сөйтіп тасқа ақша жинап, осы көшені жөндегенбіз. Қазір көлік кіре алмайды мына көшелерге. Мынаған да, ана көшеге де, ешкім кіре алмайды. 

Қазір Тұран шағын ауданында 30-дан аса көшенің сиқы осы. Лай-батпақ, жүру қиын. Мердігер мекеме басшылығының айтуынша, жұмысты жалғастыруға ауа-райының жауын-шашынды болуы себеп.Ал шұңқырлардың ашық қалуына тұрғындардың өздері кінәлі дейді. 

Фарухжан Мұсаев мердігер мекеменің прорабы:
Бір жарым ай жауын-шашын, балшық болып, жұмыстарымызды істей алмай қалдық. Сол кедергі болып қалды. Люктарды басында мен қойғанымда ұрлап кетті. Содан кейін тоқтатып қойдым. 

Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің мамандары мердігердің жұмысты аяқтауға шілде айына дейін уақыты бар деп отыр. Егер сол кезге дейін шаруаны реттемесе, тиісті шара қолданбақ. 

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу