Семейдегі автопарк дефолт жарияланғанына қарамастан жолаушы тасымалдауды тоқтатқан жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі автопарк дефолт жарияланғанына қарамастан жолаушы тасымалдауды тоқтатқан жоқ

19.04.2021

Семейде қоғамдық көлік мәселесі одан сайын ушыға түсті. Екі жыл бұрын ғана құрылған автопаркке қатысты дефолт жарияланды. Өйткені, кәсіпорын 170 автобус үшін несиені өтемеген. Бірақ автопарк жетекшілері қарызға батуымызға тікелей облыс басшылығы кінәлі деп отыр. Сондықтан мемлекеттік органдардың үстінен арызданып жатыр.

«SEMEY BUS» кәсіпорыны дефолтқа ұшырап, жұмысы тоқтайтындығын қала әкімі бастаған бір топ шенеунік автопарк аумағына арнайы келіп жариялаған. Бір күнде жұмыссыз қалу қаупі төнген 300-ден аса маманға басқа мекемелерден қызмет ұсынып, бос орын жәрмеңкесін де жедел ұйымдастырыпты. Бірақ, кәсіпорын жұмысшылары автопарктің жабылуына қарсы.

Қайырбек Манасов, жүргізуші:
Үйімізге отбасымыздың шырқын бұзып адамдарды жіберіп жатыр. «Бітті! Бұл «SEMEY BUS» жабылды. Ана паркке қарай ауысыңдар деп. Біз осы жерден ешқайда бармаймыз.

Екі-үш күннен бері қалада екі жыл бұрын талапқа сай келмейді -деп жұмысы тоқтатылған «Семавтопарк» серіктестігінің ескі автобустары қайта жүре бастады. Жабылды деп жарияланған «SEMEY BUS» иелігіндегі 170 автобус та жақын арада осы мекемеге ауыстырылмақ.

Нұрымбет Сақтағанов, қала әкімі:
1 млрд 147 млн теңге АО «БРК-лизинг» алдында қарызы бар. Амал жоқ біз осы «SEMEY BUS» пен келісімшартты бұзамыз. Қосымша мына автобустар тоқтап қалмас үшін, біз уақытша басқа кәсіпорынмен келісімшартқа отырамыз.

Тасымалдаушы компания басшылары бұл берешектің пайда болуына облыс әкімшілігін тікелей кінәлі-деп санайды. Өйткені, құрылғалы тиесілі мемлекеттік субсидияны ала алмаған.

Болат Қылышбеков, «SEMEY BUS» ЖШС директоры:
Салыстырып айтар болсам, өткен жылы Алматы қаласында тасымалдаушылар 23 миллиард субсидия алған. Нұр-Сұлтанда 15 миллиар көлемінде, Атырауда 4 миллардқа жуық. Ал біз екі жылда ештеңе алған жоқпыз. Біз әкімшіліктен ақша сұрап отырған жоқпыз. Олар бізге заң бойынша беруге міндетті.

«SEMEY BUS» жетекшілері енді мемлекеттік органдарға қатысты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес басқармасы мен прокуратураға шағым түсірген. Дефолт жарияланғанына қарамастан автопарк әзірге жолаушы тасымалдауды тоқтатқан жоқ.

Ержан Жақып

Хабарламаларға жазылу