Құмар ойынға деген құмарлық тұқым қуалайды - психолог - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құмар ойынға деген құмарлық тұқым қуалайды - психолог

16.04.2021

Букмекерлік кеңселер және басқа да құмар ойындарды ұйымдастыратын компаниялардың табысы өткен жылы 6 есе өсіп, абсолютті рекордқа жеткен. Мыңдаған отандасымыз тапқан-таянғанын бәс тігуге жұмсап, миллиардтаған қаржысынан айырылған. Ал, психологтар болса, бәс тігу аса қауіпті індет деп отыр. Лудомания деп аталатын ауруға шалдыққандарды емдеу өте қиын екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ойынға тәуелділікті психикалық ауытқушылық деп таныған. Ғабит Бөкенбай жалғайды.

Бағлан Әбдірайымов – құмар ойынның құрығынан сытылып шыққан санаулының бірі. Ол - тапқанын құмарын қандыруға жұмсайтын. Қарызға батып, қадірі қашты. Кешегі өмірі өзгелерге сабақ болсын деп кітап та жазды. «Ақ пен қара» деп аталатын кітапты оқығандар «Бағлан казинода отырып уағыз айтыпты» деп пікір айтады.

Бағлан Әбдірайымов, әнші:
Туған туыс, әке-шешеңде көмектесе алмайды. Мысалы анам жылап отырып, енді барсаң менің балам жоқ деп айтты. Өте ауыр әңгіме. Мақұл деп алып 3 айдан кейін қайта барған кезім болды.  Өзіңді өзің өзгертпейінше, Құдай сені өзгертпейтініне көзім жетті.

Былтыр елімізде коронавируспен жарысып лудомания деген індет қатар өршіген. Бұған букмекерлік орталықтардың жылдық табысы 79 млрд теңгеге жетті деген ақпарат дәлел. Осы 79 млрд-тың 57 млрд-ы Алматылықтарға тиесілі. Одан кейін Алматы облысы мен Нұр-Сұлтан тұр.

Манат Ыдырыс, Ұлттық статистика бюросының бас сарапшысы:
Букмекерлік орталықтардың табысы 2020 жылы 6 есеге өсіп, 79 млрд теңгені құрады.

Әлеуметтік сауалнамаға сенсек, ажырасқан әрбір бесінші жұптың екі жаққа кетуіне осы құмар ойын себеп.

Камила Асыпқызы , психолог:
Өте үлкен індет.  Ешқашан құмар адамдар ұтпайды. Бұл кімге пайдалы. Бұл сол мекемнің басшыларын пайдалы. 

Құмар ойынға деген құмарлық тұқым қуалайды. Психолог пікірі осындай. Бұл бір. Екіншіден, ата-ана балаға телефон беріп қояды. Ол ойын ойнайды. Бесіктен белі шықпай жатып ойнаған бала ертең казинода ойнамасына кім кепіл? Казино демекші бүгін Қарағандыда осындай жасырын мекеменің жұмысы тоқтатылды. 2 млн теңге және ойын карталарының қорабы, фишкалар мен покер ойнауға арналған үстел тәркіленді.

Биыл, ойын туралы жаңа заң күшіне енді. Онда құмар ойынға тәуелділердің туысы лудоманияға шалдыққан адамның сот арқылы мүмкіндігін шектей алады. Бірақ, психологтар адамды шектеу, қамау нәтиже бермейді дейді. Адамның өзі ұғып, ойы өзгермесе бәрі бекер. 

Ғабит Бөкенбай 

Хабарламаларға жазылу