Алматы облысындағы өрттен балық шаруашылығы зардап шекті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысындағы өрттен балық шаруашылығы зардап шекті

15.04.2021

Алматы облысының Балқаш ауданында бірнеше жерден өрт шықты. Тілсіз жаудан балық шаруашылығы зардап шеккен. Жалынды өшіру жұмыстары әлі жалғасуда. Кейбір ақпарат көздерінің хабарлауынша, бір адамды күйік шалған. Шығыс Қазақстанда да дала өрттері жиілеп кетті.

Балқаш ауданында кешеден бері орман, құрғақ шөп, қамыс өртеніп жатыр. Қызыл жалын ондаған гектар аумақты шарпыған. Тілсіз жауды дер кезінде тоқтатуға қатты жел, жолдың алыс әрі нашар болуы көп кедергі келтірген.

Өрт салдарынан Іле өзені сағасының басым бөлігі жанып кетті. Өрт шаруа қожалықтары мен жеке демалыс базаларының аумағын да шарпыды. Тілсіз жаудан балық шаруашылығы зардап шекті.

Осы өрт кезінде бір адамды күйік шалған деген де мәлімет бар. Қазір мамандар әуеден барлау жасап, барлық күшті өртті сөндіруге жұмылдырған.
Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері сәуір айы басталғалы Шығыс Қазақстанда да 20-дан астам дала өртін сөндірген. Мамандар тілсіз жаудың шығуының негізгі себебі - адамдардың салғырттығы деп отыр.
Медет Мұқашев, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы:
Шығыс Қазақстан төтенше жағдай департаменті өрт қауіпсіздік талаптарын сақтауға шақырады. Қоқыстар мен қалдықтарды жаққаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 336-бабына сәйкес жауапкершілік көзделгенін хабарлайды.

Мамандар, табиғат аясына серуенге шыққан демалушылар, шаруалар және саяжай иелеріне былтырғы құрғақ шөпті жақпауды ескертеді. Өйткені, мұның арты өртке ұласуы мүмкін.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу