Елімізде короновирусқа қарсы екпе егу пунктерінің саны артып, салдырушылар қатары көбейіп келеді. Ақмола облысында мешітте де арнайы бөлме ашылып, тұрғындарға вакцина салынып жатыр. Ал Шығыс Қазақстанда егу пунктерін ірі кәсіпорындар пен сауда орындарында да ашу көзделіп отыр.
Ақмола облысында екпе егу пункті Науан Хазірет мешітінде ашылды. Енді отыз күн оразада имандылық үйіне келетін жандар вакцинаны осы жерде ала алады. Бұл пункт Рамазан айы бойы таңғы сағат оннан кешкі беске дейін жұмыс істейді.
Атырау облысында да вакциналау қарқынды жүріп жатыр. Тек өткен тәулікте 1000-ға жуық тұрғын екпе алды. Ал, ақпан айынан бері мұнайлы өңірде «Спутник V» вакцинасының бірінші компонентін 8 мыңнан астам адам салдыртты. Қазір облыста 23 екпе егу пункті жұмыс істеп тұр.
Қызылордада қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерде жазасын өтеп жатқандар вакцина салдыра бастады. Алғашқы күні 169/5 түзеу колониясындағы 50 сотталушыға ерікті түрде екпе егілді. Сондай-ақ, сотқа дейінгі тергеу изоляторындағы 17адам да вакцина алды.
Жамбыл облысындағы Қазфосфат компаниясының еңбек ұжымы да жаппай екпе салдырып жатыр. Мұнда 6 мыңдай адам жұмыс істейді. Бұған дейін зауыттың 776 қызметкері екпе қабылдаған. Бүгін тағы 140 жұмысшы ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырды.
Короновирусқа қарсы екпе егу жұмыстары Шығыс Қазақстанда да ширай түсті. Аймақта вакцина салдырған адамдар саны 17 мыңнан асты.
Берік Көшербай