Семейліктер қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейліктер қоғамдық көліксіз қалуы мүмкін

13.04.2021

Семейде екі жыл бұрын құрылған жаңа автобус паркінің төңірегіндегі дау әлі тыйылар емес. Облыс әкімшілігі жолаушы тасымалдаушы компания басшыларын, «ақшаны бейберекет шашқан» деп айыптап отыр. Ал автопарк иелері қоғамдық көлік қызметіне қатысты мәселелер әкімшіліктің тиісті субсидияны бермеуі салдарынан туындады дегенді алға тартады. Екі тарап бір-бірін даттап жүргенде, зардабын қарапайым халық тартып жатыр. 

«Semey Bus» серіктестігі құрылғанда 170 жаңа автобус сатып алынған. Содан бері жолаушы тасымалдаудың сапасы артудың орнына, құлдырай түсті. Жалақыларын ала алмаған жүргізушілер бірнеше рет наразылық танытқан. Қалада қоғамдық көліктердің саны да қысқарды. 

Гүлнәр Смақова, қала тұрғыны:
Сегізде тоқтап қалады. Сегізге дейін шықпасаң жаяу жүресің. Талай рет жаяу жүрдік. Автобустар жоқ. 
Көксеген Сыдықұлы, қала тұрғыны:
Әй, бір сағат мөлшерінде тосасың. Артығымен тосасың. Нашар, нашар. Жақсы деп айта алмаймын. Тосып тұрғаның өстіп міне.

Облыс басшылары мұндай мәселенің барлығына автопарк жетекшілерінің жұмысты дұрыс ұйымдастырмауы себеп дейді. Сапалы қызметтен бөлек, мекеме қарызы да бастан асқан. 

Алмасхан Сматлаев, ШҚО әкімінің орынбасары:
«Semey Bus» серіктестігінің жалпы қарызы 2 миллиард теңге көлемінде. БРК-Лизинг алдындағы 1 млрд берешекті есептемегенде, 800 млн. теңге жұмысшылардың жалақысы, салық пен өзге де төлемдер бойынша қарызы бар. Тексеру жүргізгенде, тасымалдаушы компания басшылары қарыздары бола тұра, бизнес кластағы көлік жалдау, жиһаз бен құрылғылар сатып алған. 

Әкімі орынбасарының бұл айтқанымен тасымалдаушы мекеме бастығы мүлдем келіспейді. Қарыз әкімшіліктің компанияға тиісті субсидияны төлемеуі себебінен туындаған. Ал көлік жалдап, жиһаз алуға шенеуік ойлағандай шығын кетпеген дейді. 

Болат Қылышбеков, «Semey Bus» ЖШС директоры:
Міне Сматлаевтың қолы тұр печатімен. Осы уақытқа дейін бізде ешқандай субсидия болған жоқ. Жылына 3 млрд,700 млн ғой деймін. Мынау енді еменнен жасаған стол емес қой. Енді қалай біз отыруымыз керек. Жарайды онда алып тастайық. Жаңадан ашылған өндіріс болғанна кейін, біз қалай жұмыс істеуіміз керек. 

Әкімшілігі мен автопарк, кімнің ақ, кімнің қара екенін дәлелдеумен жүргенде, салдарынан халық зардап шегіп жатыр. 

Ержан Жақып, тілші:
Автопарк басшыларың айтуынша, субсидияның берілмеуі, қолда бар қоғамдық көліктерді толыққанды іске қосуға бөгет болып отыр. Мысалы қазір тұрақта, жүргізушісі жоғы бар, сынғаны бар 50-ден астам автобус босқа қаңтарылып тұр. 

Қалай болғанда да жергілікті билік халықты қоғамдық көлікпен тұрақты қамтимыз-деп уәде беруде. Ал «Semey Bus» серіктестігінің жетекшілері заңды түрде, облыс әкімшілігінен өздеріне тиесілі субсидияны алуға ниетті. Олай болмағанда, кәсіпорын жабылып қалмақ. 

 Ержан Жақып

Семей

Хабарламаларға жазылу