Енді ауруханаларға қаралу үшін генетикалық құжат талап етілуі мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді ауруханаларға қаралу үшін генетикалық құжат талап етілуі мүмкін

12.04.2021

Енді ауруханаларға қаралу үшін генетикалық құжат талап етілуі мүмкін. Қазір Елордадағы ұлттық биотехнология орталығында осы бағытта зерттеулер жүргізіліп жатыр. Ғылыми орталықтың өзге салалар үшін де маңызды жаңалықтары аз емес. 

Елдің дамуы – ғылымға тікелей байланысты. Елордадағы ұлттық биотехнология орталығы сол үдеден шығуға талпынып жатыр. Үлгі боларлық жобалары да бар. Ондағы мамандар ашқан жаңалықтар жеке адамнан бастап, тұтас қоғамға пайдасын тигізуге бағытталған.

Кешікпей ауруханаларға қаралу үшін генетикалық құжат талап етіледі. Өйткені, тұқым қуалаушылықты зерттейтін ғылым көп кеселдің алдын алуға көмектеседі. Биотехнолгия орталығында терең талдаулар жүргізіліп жатыр. Сүт безі мен жатыр мойнының қатерлі ісігі, жүрек аурулары, бедеулік және қант диабеті сияқты біраз сырқаттан сақтануға мүмкіндік бар. Яғни, аурудың тұқым қуалайтынын алдын ала білуге болады.

Қымбат Мұхтарова, Ұлттық биотехнология орталығының кіші ғылыми қызметкері:
Қан немесе ауыздың ішкі сілемейлік қабатының жасушаларын беру арқылы біз сіздердің ДНК материалыңыздың шығарып алып, жеке талдауыңызды бере аламыз.

Ғылыми орталықтың агросалада да жаңалығы көп. Қызыл кітапқа енген недзвецкий, сиверс алма ағаштары, іле және қарқаралы бөріқарақаты ағаштарын сақтап қалуда. Жалпы, 11 түрлі өсімдіктің өшпей, өсуіне еңбектеніп жатыр. Бұларды қалаларды көгалдандыру үшін көбейтуде.

Алмагүл Кәкімжанова, ҰБО өсімдіктер биотехнологиясы және селекциясы зертханасының меңгерушісі:
Олардың қандай артықшылығы бар. Олар аурулардан босатылған.

Ғалымдар аграрлық, азық-түлік және медицина бағытында қатар ізденуде. Қазір жұрт шеміршек пен сүйек тіні ақауларына жиі шағымданады. Мамандар оны қалыпқа келтіретін биопрепаратқа бас қатырып отыр. Сондай-ақ елде тұзды әрі құрғақ аумақ көп. Тиісінше ол жерлер тақыр. Ал, егер сол климатқа бейімді шөп өсірілсе мал өнімі де артады. Бұл жобаның нәтижесі 3 жылдан шығуы керек.

Ерлан Раманқұлов, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры:
Алдағы 3 жылға батыл жоспар бар. Жалпы ішкі өнімнің 1 пайызы ғылымға бөлінеді. Бұл зор қолдау. Өйткені, алдыңғы қатарлы елдерде ғана осылай қаржыландырылады. Бұдан кейін таяу жылдары отандық ғалымдар үлкен ғылыми ашылуларын жариялайды,-деп сенемін.

Бұған дейін биотехнология орталығы алғаш боп коронавирусты анықтайтын экспресс тест ойлап тапты. Былай талдау жүйелерінде оған кемі 1 тәулік кетеді. Қазір, жоба сыналып жатыр.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу