Осы аптада халықаралық аренада болған мына оқиғаларға тоқталмай кете алмадық. Біріншісі: Патшайым ІІ Елизаветаның жұбайы Филипп ханзаданың 100-ге қараған шағында дүниеден өтуі. Жетпіс жылдан аса дүниедегі ең танымал патшайымның ері болды. BBC жариялап жатқан материалдарға қарағанда, ерекше тұлға болған. Оның үстіне соңғы жылдары Нетфликс «Тәж» деген ІІ Елизавета, оның отбасы туралы сериал түсірген. Сонда да Филипп ханзаданың образы жас кезінде импульсивті, кейін ақылға тоқтаған, ең бастысы – патшайымның тірегі, айнымас досы, жанашыры болып сомдалады.
Герцог патшайымға мемлекет басшысы ролін орындауға мұрсат бере отырып, өзі отбасы басшысы болып қала алған. 1960 жылы түсірілген деректі фильмде Филипп ханзада барбекю дайындап жатқан, ал патшайымның ыдыс жуатын эпизоды бар.
Филипп ханзада патшайымның жанында соңғы жылдарға дейін бүкіл дерлік шараларда бірге жүрді. Герцог қонақтармен әңгімелесіп, патшайым мүддесіне сай сөз қозғап, кездесуге қажет реңк берген. Ерлі-зайыптылардың бірін-бірі қолдап-қолпаштауы олардың мәртебесін арттырған.
Айтуға тұратын мынадай штрихтар бар: Филипп ханзада қоршаған ортаға байланысты проблемаларды басқалар түсінбей тұрып, табиғат қорғаушыға айналған. Табиғатты ашкөздікпен пайдаланудың неге апаратынын алғашқы болып көтергендердің бірі. 1982 жылы атмосферада көмір қышқыл газының көбеюін айтып, парникті эффекті береді деп тура сипаттаған.
Герцогтың ирониясы да мықты болған. Ол түрлі шаралардағы сөз сөйлеудің иррационалды, түк пайдасы жоқтығын юмормен жеткізген. 1958 жылы Брюссельде Бүкіләлемдік көрменің ашылуында өзін «көрмелерге қатысу бойынша сарапшы» деп санайтынын айтып жұртты жымитқан. Ондай жалынды сөздердің формальді екенін, бірақ амал жоқтығын біледі, сөйтіп, жиналғандарға өзін күлкі қылудан қорықпаған.
Назар аударған екінші мәселе: Ресей мен Украина арасы тағы ушығып барады. Әлеуметтік желілерде ресейлік ауыр әскери техника тиелген эшелондардың фотолары мен видеолары тараған. Әлем ақпарат құралдары кейінгі екі аптада Ресей қарулы күштерінің Украина шекарасы мен соған жақын аудандарға және 2014 жылы өзі жаулап алған Қырым территориясына қарай шоғырлана бастағанын жазады. Ал осы бейсенбіде әскери қақтығыстарды зерттейтін Conflict Intelligence Team сарапшылары Ресей әскері Украина шекарасынан 250 шақырымдағы Воронеж облысында дала лагерін құрғанын мәлімдеді.
Кремль баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Россия-1 телеарнасындағы сұхбатында, «ешкім соғысқа бет бұрайын деп отырған жоқ және мұндай соғыстың болуын ешкім қолдамайды» деген. Ал осы апта басында Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу барлық әскери округте кең көлемді әскери жаттығулар басталғанын айтты. Ол бұған дейін Псковтағы 56-десанттық шабуыл жасағы қайта құрылып, Қырымдағы Феодосия портына жіберілетінін де мәлімдеген еді.
Украина президенті Владимир Зеленский сәуірдің 8-і Донбасқа жұмыс сапарымен барып, әскерилермен кездескен. Онда ол Украинаның НАТО-ға қосылмақ ойы бар екенін тағы мәлімдеді. Ресей зымыран және артиллерия ғылымдары академиясы директорының орынбасары Константин Сивковтың кеше жарияланған мақаласында Украинада 500-ге жуық танк соғысқа әзір тұрғаны жазылады. Ал Украина Қорғаныс министрлігі бір әскери қызметкердің Донбастағы атыс кезінде қаза тапқанын, енді біреуі жарақаттанғанын хабарлады. Сол күні Украина тарапы 9 атыс және шекара линиясынан бір ұшқыш-сыз ұшу аппараты ұшып өткенін тіркеген.
АҚШ пен Ұлыбритания Ресейді Украина шекарасынан армиясын әкетуге үндеді. АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен мен Ұлыбритания Сыртқы істер министрі Доминик Рааб телефон арқылы әңгіме барысында Киевті жақтайтындарын әрі «Мәскеу арандатушылық риториканы таратуын доғаруы керек» екенін айтқан. Германия Қорғаныс министрі Аннегрет Крамп-Карренбауэр твиттердегі жазбасында «Егер Ресей ештеңені жасырғысы келмесе, қандай әскер қайда және нендей мақсатпен тасымалданып жатқанын түсіндірер еді» деген.