Қазақстанда паркинсон ауруына шалдыққандардың саны артқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда паркинсон ауруына шалдыққандардың саны артқан

09.04.2021

Елордада есін толық біліп жатқан науқасқа операция жасалды. Мұндай медициналық ем-дом өте сирек қолданылады. Бірақ мамандар миға зақым келтіріп алмау үшін пациентті ұйықтатпайды. Қазақстанда паркинсон ауруына шалдыққандардың саны артуда. Алайда, оның еміне қатысты ақпарат өте аз. Салдарынан, көбі дертті дендетіп алады.

Нұрзия апай өз қолын өзі басқара алмайды. Икемге келмейді. 3 жылдан бері осылай. Дірілі - тоқтаусыз. Соңғы кездері аяғы қосылды. Оның үстіне бұлшық еттері ауырады, ұйқы бұзылған.

Нұрзия Мәденова, қала тұрғыны:
Осы жерге келгеннен кейін нақты диагноз қойды. Дәрімен ғана тоқтатып отырды. Көбейіп келе жатыр. Азаймайды ғой.

Бұл дерт – паркинсон деп аталады. Яғни, неврологиялық ауру. Баяу дами отырып, ми жасушаларын зақымдайды. Жүйке жүйесінің ең қауіпті кеселі. Бірде-бір ел оның неден пайда болатынын анықтай алмай отыр. Тиісінше, емі жоқ. Бірақ, науқастың жағдайын жақсартып, өмір сүру ұзақтығын созуға болады. Операция арқылы. Алайда аурумен күресіп жүрген науқастардың көбі одан хабарсыз.

Дерт асқынса операцияның өзі кеш. Сондықтан, алғашқы белгілері білінісімен дәрігерге көріну қажет. Нейрохирургтар Нұрзия апайға күрделі операцияны бастады. Науқасты ұйықтатқан жоқ, есін толық біліп жатыр.

Марат Құлмирзаев, Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігер-нейрохирургі:
Операция кезінде осы дірілге жауап беретін мидың орталығын күйдіреміз. Сондықтан асқынулар болмауы үшін науқас ояу жату керек. Соңында көретін результатты бақылап отыруымыз керек.

Елде мұндай аурумен 30 мыңнан астам адам күресуде. Жыл сайын шамамен 2,5 мыңға жуық адам қосылып отырады. Қозғалысы қиындап, қимылы тежелген Нұрзия апай операцияның ертесінде-ақ оң нәтижені көре бастады.

Асима Нұрбайқызы


Хабарламаларға жазылу