Жерді шетелдіктерге сатуға біржола тыйым салынды. Жалға да берілмейді. Бүгін мәжілісте жер қатынастары бойынша заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Ал, қазір 93 мың гектар шамасында алқап өзгелердің иелігінде.
Заң жобасы жерді көрінгенге беруді емес, тек өз халқымыздың игеруін көздейді. Ал, бұрын берілген алқаптар көп ұзамай қайтарылады. Бүгінде 74,4 мың гектар 7 біріккен кәсіпорынға тиесілі. Одан өзге 18,5 мың гектар жерді екі шетелдік заңды тұлға жалға алған.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
Бұлардың барлығы мораторий енгізілгенге дейінгі алынған жерлер. Олардың жалға алу мерзімі 2022 жылдан 2025 жылға дейін. Осы уақыт өткеннен кейін бұл жерлердің барлығы мемлекетке қайтарылады.
Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге, шетелдік үлесі бар кез келген компанияға және халықаралық ғылыми орталықтарға беруге тыйым салынды. Ал, қандастарға ел азаматтығын алғаннан соң ғана рұқсат. Осы ретте депутаттар салаға инвестиция тарту жайын сұрады.
Анатолий Бойчин, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Осы тыйымдарға байланысты енді агро өнеркәсіптік кешенді қаржыландыру қалайша жүргізілмек? Өйткені, бұл бағытты дамытпай тағы болмайды.
Талдауға сәйкес шет ел инвестициясы көбіне өңдеуші кәсіпорын ашуға құйылады. Бірақ, енді агро саланы қаржыландырудың өзге де тетігін іздестіру керек. Ал, қаржы институттарына иек артқаннан аса пайда жоқ. Сондықтан жер реформасы комиссиясына банк өкілдерін де тарту керек.
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен әзірленген осы құжаттың нәтижесінде халқымыздың назарында жүрген сұрақ бойынша нақты шешім қабылданды. Енді жерімізді шетелдіктерге сатуға да, жалға беруге де толықтай тыйым салынады.
Парламенттегі саяси партиялар да жер қатынастарына қатысты заң жобасының мақұлдануын қоғам үшін қажет әрі маңызды,-деген пікірлерін айтты.
Нысаналы Ығыл