Сәуір айында халықтың 24 пайызы екпемен қамтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сәуір айында халықтың 24 пайызы екпемен қамтылады

07.04.2021

Сәуір айында халықтың 24 пайызы екпемен қамтылады. Бұл шамамен 2 млн адам. Бүгін денсаулық сақтау министрлігінің мамандары баспасөз алаңында бірқатар ақпараттарымен бөлісті. Екпе тек ерікті түрде жүргізіледі. Қазіргі уақытта медициналық мекемелерде вакцинациялау науқанына әзірлік басталды.

Елімізде ақпаннан бері бірінші дозаны 217 мың, екінші компонентін 79 мың адам алды. Бұл халықтың тек бір пайызы. Енді көрсеткіш бір айда 24 процентке жеткізілмек. Қазір тек медициналық мекемелерде ғана емес, күн жылынса тіпті далада, екпе егу пунктерін ұйымдастыру қарастырылған.

Ажар Ғиният, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі:   
Екпе жасайтын орындар жасақталады. Талаптар әзірленіп жатыр. Мегаполистерде сату орталықтарында да ұйымдастырамыз. Салқын жерде контейнерлермен жеткізіп, әзірленеді. Ауылдық жерлерде жылжымалы көлікпен екпе егу ұйымдастырылады.

Ертеңнен бастап халық eGov порталы арқылы екпеге онлайн өтінім бере алады. Онда тиісті нұсқаулық көрсетілген. Ал бірінші дозасын алып ауырып қалғандар екінші компонентін салдырмауы тиіс. Тек арада алты ай уақыт өткенде ғана екпе алуға болады. Ал 18 жасқа дейінгі балаларға екпе салу әзірге қарастырылмаған. 65 жастан асқан қариялар қарсы көрсетілім болмаса екпе алуына болады. Коронавируспен ауырғандар елдегі протоколға сәйкес екі компонентті де алады. Кезекті күтпей ақылы вакцинациялау мәселесі әлі шешілген жоқ. Ұжымдық иммунитет қалыптасуы үшін халықтың 55 пайызы екпемен қамтылуы тиіс.

Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
Осы айда 2 млн дозаны елге жеткізуді көздеп отырмыз. Оның 500 мыңы жақында келеді. Қазір өзге өндірушердің вакциналарын күтудеміз. Келісім жүріп жатыр. Әзірге ақпаратты жариялай алмаймыз. Шарт бекігенде айтамыз. Күні кеше Президенттің өзі екпе алып, азаматтық позициясын білдірді. Сіздерді де екпе алуға шақырамын. Қолжетімді болуын қаматамасыз етеміз. Ерікті шешіміне қарай осы айда 2 млн адамды екпемен қамтуды көздеп отырмыз.

Алғашқы жарты жылдықта 6 млн адамды екпен қамту көзделген. Бұл пандемияны тоқтатудың жалғыз мүмкіндігі дейді, министр. Өйткені елдегі эпидахуал мәз емес. Ауырғандардың 63 пайызы Алматы облысы, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының тұрғындары. Стационарлардың 36, реанимацияның 29 пайызы науқаспен толыққан. Пациенттерге қосымша резервтік орындар әзірленген. Дәрі қоры, қорғаныш құралдары мен бетперде жеткілікті,- деп отыр министрлік өкілдері.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу