Семейдегі млрд-қа жуық қаржы бөлінген саябақ құрылысы сапасыз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Семейдегі млрд-қа жуық қаржы бөлінген саябақ құрылысы сапасыз

01.04.2021

Семейде 1 миллиард теңгеге жуық қаржы бөлініп, жөнделіп жатқан орталық саябақ құрылысына қала тұрғындары наразы. Қыруар қаражат жұмсалса да мүлдем сапасыз-дейді көпшілік. Нысандағы жұмыс толық аяқталмаса да демалыс орны ашық. Ал құрылыс әзірге тоқтап тұр. Саябақтың қазіргі күйін  Ержан Жақып көріп қайтты.

Ержан Жақып, тілші:
Саябақтың жаңартылған бөлігінде жұмыс сапасыз жасалғандығы айтпаса да көзге көріпі тұр. Мысалы аяқ астына төселген мынандай тақта тастар, қалай болса солай қисық салынған. Қазірдің өзінде шашылып жатыр.

Саябақты жаңғырту 2019 жылы басталған. Әкімшілік өткен жылы қолданысқа бермек болған. Бірақ жоспар іске аспады. Жұмыс барысы көпшіліктің көңілінен шықпай отыр.

Евгения Пауль, қала тұрғыны:
Егер саябақ жөнделіп бітпесе, оны ашудың қажеті жоқ еді. Халық ақымақ емес қой. Әдемі, жаңартылған саябақтың орнына аяқсыз шашылып қалған құрылыс алаңын көріп отырмыз.

Демалыс орнының жобасы да талғамсыз -дейді семейліктер. Өйткені, Шәкәрім ескерткіші мен оның жан-жағынан қалқалаған түрлі темір конструкцияларда үйлесімділік жоқ.

Ерлан Шаяхметұлы, қала тұрғыны:
1 миллиард теңге ақша дегенде менің түсінігімде керемет болатын шығар дегенмін. Мынандай жұмыс жасалғандығына қарасақ, онда қала үшін ауыз шайғанға да жарамайтын қаражат деп ойламаймын. Констукциялардың ортасына әкеліп, біздің рухани атамыздың тұлғасын әкеліп отырғызып қойғанда мен ешқандай сәйкестікті көрмей тұрмын.

Демалыс орнын жөндеуге тапсырыс берген қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөліміндегілер жұмыстың бәрі жоспарға сай-деп шаң жуытпай отыр.

Асан Дүйсенбаев, ТҮКШ бөлім меңгерушісі:
Бізде жұмыс барысын қадағалайтын, техникалық бақылау бар. Қазір саябақта спорттық, балалар алаңқайлары жасалып, тақта тас төселді. Тал отырғызды. Өткен жылы аяқтамақ едік, ауа райы бөгет болды.

Айтуларынша, саябақ маусым айында толықтай тапсырылады. Дегенмен, ендігі қысқа мерзімде олқылықтың орны толарына күмән көп.

Ержан Жақып


Хабарламаларға жазылу