Теңге бірнеше күннен бері тағы құнсызданып жатыр. Қор биржасындағы сауда нәтижесі бойынша доллар сәл қымбаттап, қазір 425 теңгеге жетті. Еуро керісінше арзандады. 497 теңге. Ал рубль 5 теңге 60 тиын.
Бірақ валюта айырбастау орындарындағы баға бұдан да жоғары. Төл ақшамызға қаржы нарығындағы тұрақсыздық, ушыққан эпидахуал мен мұнай бағасының қайта құлдырауы кері әсер етіп жатыр дейді сарапшылар. Ал қымбаттап жатқан долларға елімізде сұраныс азайған. Статистика бюросының мәліметі бойынша көрсеткіш өткен аймен салыстырғанда 11 пайызға төмен. Сарапшылар болса, биыл валюта бағамы осы қалпында сақталады деп отыр.
Евгений Винокуров, Еуразиялық даму банкінің бас экономисі:
Жыл ортасына дейін бір доллар 420 теңге шамасында болуы керек. Одан соң әлемдік тауар-шикізат нарығындағы оң өзгерістерден теңге нығаюы ықтимал. Өйткені екінші жартыжылдықта эпидемиологиялық ахуал жақсарып, экономика қалпына келе бастайды деген болжам жасалып отыр.
Досжан Маратұлы