Қазақстанда жиһаз қымбаттап барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жиһаз қымбаттап барады

31.03.2021

Өйткені шикізаттың бағасы 1,5-2 есеге өскен. Бүгінде елімізде сатылатын жоңқалы ағаш тақтай түгелдей шет елдерден импортталады. Көрші Ресейдегі кәсіпорындарға ағаш өнімдерін сыртқа шығаруға тыйым салынса, отандық жиһаз өндірушілер материал жетіспеушілігіне тап болуы әбден мүмкін. 

Медет Бақытбекұлының жиһаз жасаумен айналысқанына 15 жылдан асқан. Бүгінде өзінің жеке цехы бар. Айтуынша, былтырдан бері ламинатталған жоңқалы ағаш тақтайдың бағасы шарықтап кеткен. Сондықтан ол да өз өнімінің құнын қымбаттатуға мәжбүр.

Медет Абылқасымов, кәсіпкер:
Мысалы, бұрын біз жасап жүрген ас үй жиһазының базасы 250 мың теңге болса, дәл қазіргі күнде олардың бағасы 380 мың теңгеге шығып тұр. 45 процентке қымбаттап тұр шамамен. Материал бағасы өскен соң біз де бағаны көтеруге мәжбүр боламыз.

Жиһаз жасайтын материалдар тапшылығы өткен жылдың тамыз айынан басталған. Себебі көрші Ресейдің өзінде шикізат жетіспеушілігі туындаған. Сондықтан олар сыртқа сатылатын өнім көлемін азайтып, бағасын өсірген.

Қанат Ибраев, ҚР Жиһаз және ағаш өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары қауымдастығының президенті:
Статистикадағы орта есеппен алғанда, Қазақстан жыл сайын 1 миллион 100 мың текше метр жиһаз өндірісіне қажет материал импорттайды. Оның 87 проценты ламинатталған жоңқалы ағаш тақта. Бұл өнімнің басым бөлігін бізге Ресей жеткізеді. Сосын Беларусь және Украинадан аламыз. Бұдан бөлек, Қытай, Польша және Германиядан сатып аламыз.

Қазақстанда фанер және басқа да ағаш өнімдері жасалғанымен, жиһаз өндірісіне қажет шикізат мүлдем жоқ. Дайын жоңқалы ағаш тақтайларға ламинат жабыстыратын 5 компания бар, бірақ олардың өзі тікелей импортқа тәуелді. Ресей экспортты тоқтатса, еліміздегі жиһаз жасаушылар тіпті тығырыққа тіреледі.

Мұхамед Андақов,  ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі индустриялық даму комитетінің басқарма басшысы:
Еуразиялық экономикалық одақта болғандықтан, сол алаңда осы сұрақтар шешіліп жатыр. Бұл ағаш жоңқалы тақтайларды бізге квотамен емес, зауыттардан тікелей жеткізу сұрақтары бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Осылайша соңғы жарты жылдан бері Қазақстанда жиһаз өндірісі тұралап тұр. Қазақстанда жиһаз жасаумен айналысатын 1 мыңнан астам шағын цех болса, бүгінде олардың 30 проценті жабылып қалған. Осы салада еңбек ететін 4-5 мың адам жұмыстан айырылды.

 Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу