Елімізде еттің бағасы қымбаттап барады

09.04.2018

Халық көп тұтынатын сиыр етінің бір келісі 1700 теңгеге жуықтаса, қой еті 9%-ға артқан. Бұл - соңғы бір жыл ішіндегі көрсеткіш. Соның салдарынан тұтынушылар қатары да азайған. Сатушылар «сұраныс бұрынғыдай емес, адамдар тек мереке күндері көбейеді», - дейді. Ет бағасының қымбаттауына не себеп?

Базарға мал етін саудалай келген Айгүл қақ алдындағы бағаны көріп, кідіріп қалды. Оның айтуынша, осыдан бір ай бұрын сиыр етін арзанырақ тұтынған. Ал, бұл жолы құны қол жетімсіз болған соң амалсыз құс етін алуға кері бұрылыпты.

Айгүл Перленова, қала тұрғыны:

- Еттің бағасы масқара екен. Мынау жылқыныкімен бірдей болған. Амалсыздан келіп тауыққа қарап тұрмыз. Қалта көтермейді.

Күлзия Ахметова, қала тұрғыны:

- Қазір жылқының бағасы – 1800 теңге. Бұрын 1500-1600 теңге болған. Еттің бағасы өте қатты көтерілді. Зейнеткер адамдарға, баласы көп адамдарға ет алу өте қиын. Еттің бағасын кішкене түсіру керек.

Еттің бәсі әр өңірде әртүрлі. Біз тек сиыр етін мысалға аламыз. Ең арзаны Талдықорғанда – 1350 теңгеге жуық. Ал, орташа баға Жезқазғанда – 1470-тен асады. Енді ірі қаралар Алматы мен Астанада келісі 1700 теңгеге шамалас. Неге олай? Мұны экономист-сарапшы малдың қорегімен байланыстырып отыр. «Яғни, төрт-түліктің өзіндік құны қымбат. Бұл дегеніміз малды өсіріп-бағу үшін шаруалар машақаттан басқа, шығыны да шаш етектен», - дейді.

Жангелді Шымшықов, экономист-сарапшы:

- Шөп шабатын шаруашылықтар құрылу керек. Ол шөпті шауып үймелеп, Америка, Канада сияқты сату керек. Оны зообақ та, шаруашылықтар да алады. Бізде сондай мәселе көтерілмеген. Жем-шөп базасын жасау керек. Әйтпесе жеке шаруашылықтардың бел тамырына соққы беріп отырмыз.

Ет сатушы да экономист сөзін қуаттап отыр. Ол қыстыгүні көктайғақта, қарлы ауа райында тіптен ет азаятынын айтады. Тиісінше, тасымал қиындаған соң құны да шарықтайды.

Алайда, мамандар «ішкі сұраныс толық қамтылып отыр», - дейді. Тіпті сырт елге экспорт артқан.

Ескендір Мухлисов, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаментінің сарапшысы:

- Былтыр экспорт 5,5 мың тоннаға жетті. Сиыр мен қой еті – 900 тонна. Айта кету керек, 2016 жылы экспорт тек 100 тоннадай болған еді. Яғни, 7-8 пайызға артып отыр. Бұл Қытай мен Иранның нарығына шыққанның арқасында.

Мамандар «жем-шөп мәселесі біржола шешілмей баға тұрақтамайды», - дейді. Сол үшін мал қорегін тау-тау қып үйіп, шаруаларға қолжетімді бағада өткізу керек. Әйтпесе, қымбатшылық сақталады деп ескертті.

 

Нысаналы ЫҒЫЛ

Хабарламаларға жазылу