Ақтөбе облысы мен Қарағанды қаласы «қызыл» аймаққа енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысы мен Қарағанды қаласы «қызыл» аймаққа енді

31.03.2021

Павлодар және Түркістан облыстарында шектеу шаралары күшейтілді.Шымкент қаласы да алдағы уақытта тұрғындардың коронавирус жұқтыру көрсеткіші бойынша қауіпті аймаққа енуі мүмкін.

Мегаполисте бір айдың ішінде 600-ге тарта адам вирус жұқтырған. Осыған байланысты карантин мерзімі ұзартылып,шектеу шаралары қатаңдатылды. Бұған дейін түнгі 23:00-ге дейін жұмыс істейтін қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы 1 сағатқа қысқарды. Мүмкіндігінше қызметкерлердің 30 пайызына қашықтан жұмыс істеу ұсынылды.

Қарағанды қаласы да «қызыл» аймаққа өтті. Мұнда соңғы тәуліктің өзінде 93 адам індетке шалдыққан. Ал,соңғы айда науқастанғандар саны 1 мыңнан асқан. Қаладағы 17 стационарда 2 мыңнан астам орын болса, оның 4/1 бөлігінде науқастар ем қабылдап жатыр. Ауру жұқтырғандардың 62 проценті қоғамдық орындарда жиі болып, санитарлық талаптарды сақтамаған. Қаладағы көпшілік шоғырланатын 4 мыңнан астам нысанға, қоғамдық көліктерге дезинфекция жүргізілді.

Ақтөбе облысы да бүгіннен бастап «қызыл» аймаққа енді. Соңғы тәулікте 82 тұрғын індет жұқтырған. 1427 адам үй карантиніне алынды. Облыста шектеу шаралары барынша күшейтілді. Ойын-сауық, спорттық және адамдар көп жиналатын отбасылық іс-шаралар өткізуге тыйым салынды. Сондай-ақ,банкет залдары, мұражай, кітапхана, театрлар да жұмыс істемейді. Қоғамдық тамақтану орындары жұмыс күндері шектеу талаптарын сақтай отырып, кешкі онға дейін істейді, ал жексенбі күні жабық болады.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу