Биыл 2,8 млн гектарға жуық жерге егін егіледі деп жоспарланған. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі жүз мың гектарға көп. Бүгін Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі көктемгі егін егу жұмыстары жайлы баяндады.
Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында қазір қарбалас. Шаруалар жер жыртып, егін егіп жүр. Ал өзге өңірлердің дихандары күннің жылып, жердің жібуін күтіп отыр. Көктемгі науқан жайлы айтқан ауыл шаруашылығы министрі, екі жарым миллион тонна тұқым мен техника дайын деді.
Сапархан Омаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:
24 млрд теңге сомасына 1 112 техника, оның ішінде 458 трактор, 28 комбайн және 626 өзге де техника қаржыландырылды. Ағымдағы жылдың 29 наурызындағы жай-күй бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97%-ды құрайды.
Осы техникаларға 380 мың тонна арзан отын бөлінген. Оның литрі нарықтағы бағадан 20 теңге арзан. Бұл ғана емес. Шаруаларға тұқым шаруашылығын дамытып, миниралды тыңайтқыштар сатып алу үшін 70 миллиард теңге қарастырылған. Ал көктемгі науқанды өткізуге 116 миллиард теңге көлемінде кредиттік қаржы бөлініп отыр. Премьер оны тиімді жұмсап, істі тиянақты атқару керек деді.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
Былтыр пандемияға қарамастан егін жұмыстары өте жоғары деңгейде жүргізілді. Тыңайтқыштар мен өсімдіктерді қорғау құралдары уақытылы салынды. Бұл мол астық жинауға мүмкіндік берді. Биыл көктемгі егістікті қаржылай материалдық техникалық қамтамасыз ету бойынша барлық қажетті шешімдерді қабылдады. Ауылшаруашылығы мен өңірлердің әкімдіктерінің алдында егін науқанын сапалы жүгізу міндеті тұр.
Айта кетерлігі, биыл әлеуметтік азық-түліктер үшін егін алқаптары артып жатыр. Әсіресе қарақұмық пен картоп жылдағыдан көп өсірілмек.
Досжан Маратұлы, тілші:
Мамандар, бұл тапшылық пен қымбатшылықтың алдын алуға мүмкіндік береді дейді. Ал, жалпы ел бойынша биыл 2 млн 800 мың гектар жерге егін егілмек. Бұл былтырға қарағанда сәл көп. Алқаптың ұлғаюы, астық экспортының артуымен байланысты.
Досжан Маратұлы