Сыр өңірінде мыңдаған гектар егістік сусыз қалу қаупі бар - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінде мыңдаған гектар егістік сусыз қалу қаупі бар

30.04.2021

Сыр өңірінде биыл мыңдаған гектар егістік жерге су жетпей қалу қаупі бар. Мамандар өткен жылдан бетер құрғақшылық болады деп болжап отыр. Себепсіз емес, дария көктемде-ақ сарқылып тұр. Бүгінде қала маңында Сырдарияның көлемі 15 есе кішірейіп, алып арнадан бар-жоғы 30 текше метр су ағып жатыр. 

Әділбек Серікұлы, тілші:
Сырдарияның деңгейін мына көпірдің жанынан анық байқауға болады. Өзен суының төмен түсіп кеткені соншалық, өткелдің астындағы темір бағаналары көрініп, Сырдың суы қазір сирақтан ағып жатыр.

Өзеннің ең төменгі сағасында орналасқан солтүстік аудандарда құрғақшылық ерте көктемде-ақ сезілді. Сырдың суына алаңдаған қазалылық шаруалардың сенімнен гөрі күмәні басым. Сол себепті, биыл біраз жер игерілмей бос қалды.

Мұхтар Тәжімұратов, шаруа қожалығының төрағасы:
Жоспарымызда бізде 120 гектар жоңышқа егілу керек. Биыл ауа райына байланысты жоңышқаны еге алмай қалдық. Ауа райының құрғақшылығына байланысты 50-ақ гектар жоңышқа ектік. Бидай бар еді 50 гектар ол да сол себепті егілмей қалды. 

Жалпы өңірде биыл 188 мың гектар жерге егін егіледі. Соның 84 мыңы - күріш дақылы. Суды көп қажет ететін Сыр маржанының алқабы өткен жылмен салыстырғанда 5,5 мың гектарға қысқарды. Дегенмен, жазғы маусымда дарияның суы әлі де тартылады деп болжануда. Сондықтан, диқандар су тапшылығына осы кезден бастап қамданып жатыр.

Алтынбек Дәрібаев, Жалағаш ауданы әкімінің орынбасары:
Былтырмен салыстырғанда қазір күріш дақылы 1200 гектарға азайтылып отыр ауданда. Шаруалар 30-дың үстінде қазір су тартатын үлкен көлемдегі СМК-500/10 үлкен көлемдегі насостарды сатып алып, соны суландыру жүйесіне орнатып жатыр.

 Дәл қазір дарияның кей тұстарын жаяу адам кешіп өтетіндей күйге түсті. Қатты жел тұрса, шаңы көтеріледі. Ал мамандар Сырдарияның бұлай тартылуы адами емес, табиғи фактор екенін алға тартып отыр. Себебі, трансшекаралық өзеннің бастауында жиналған су қоры аз.

Сейілбек Нұрымбетов, «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы:
Өзен бассейінде қар көлеміне байланысты, жауын-шашынға байланысты өткен жылдармен салыстырған кезде су тапшылығы болжанып отыр. Негізгі ірі Тоқтағұл су қоймасында қазір жиналған судың көлемі өткен жылмен салыстырғанда 2,8 млн текше метрге аз.

Трансшекаралық өзенді пайдалану тетіктері бойынша санаулы күннен соң, яғни мамыр айының басында мемлекетаралық жиын өтеді. Сол кезде Қазақстанға жіберілетін су мөлшері белгілі болмақ.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу