Алматыда коронавирус жұқтырған 260 науқастың жағдайы ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда коронавирус жұқтырған 260 науқастың жағдайы ауыр

29.03.2021

Алматыда мутацияға ұшыраған вирус штамының таралуына байланысты эпидахуал әлі де ушығып тұр. Алып шаһарда бір тәулікте 500-ден аса адамнан коронавирус табылған. Көбісі - симптомды. Соңғы үш айда мегаполисте 13 мың науқас тіркелген. 

Жазира Оразқызы, тілші:
Алматыдағы ауруханаларға 3 мыңға жуық адам ем алып жатыр. Оның 133-і - бала. 35 науқастың жағдайы өте ауыр, ал 260 адамдікі ауыр деп бағаланып отыр. Осыны назарға алған қала билігі жағдай ушыға берсе, Алматыға толық локдаун енгізілуі мүмкін екендігін ескертті. 27 наурызда коронавирус жұқтырған 510 науқастың 415-і симптомды болған. Яғни, соңғы уақытта симптомды науқастар көбейген. 

Вирустың мутацияланған штамына бір дәлел, КВИ-дің симптомсыз түрі былтыр 39 пайыз тіркелсе, биыл 32 пайызға дейін азайған. Әрі вирус 14 жасқа дейінгі балалар арасында 2 есе күрт артқан. Кеше тікелей эфирде тұрғындардың сауалына жауап берген шаһар басшысы соңғы айда байқалған аурудың жоғары деңгейі мутацияланған штамтардың айналымымен байланысты болуы мүмкін екендігін айтты. Өйткені, мамандардың зерттеу барысында «британиялық» және «оңтүстікафрикалық» коронавирус штамтарына тән мутациялар анықталған. Бір өкініштісі, жаңа штамтардың жұқтыру көрсеткіші 70 пайызға дейін жетеді. Бұл дегеніміз - инфекция жұқпалылығының жоғарылығын көрсетеді. Тағы бір ақпарат айта кетейіін, сәуірдің ортасынан бастап Алматыда жаппай вакцинация жүргізіледі. Екпе кабинеттері тек емханаларда емес, ірі сауда орталықтарында да ашылады. 

коронавирус статистика алматы

Хабарламаларға жазылу