Алматы облысында 52 жүкті әйел коронавирустан емделіп жатыр. Әзірге олардың жағдайы тұрақты, дейді мамандар. Өңірде соңғы күндері індет жұқтырғандар саны күрт көбейген. Әсіресе, «қызыл» аймаққа енген Алматы қаласымен көршілес жатқан аудандарда эпидахуал нашар. Алдағы аптада карантиндік шаралар күшейтілмек. Демалыс күндері қоғамдық тамақтану орындары мен сауда-саттық және ойын-сауық орындарының жұмысына шектеу енгізіледі. Сондай-ақ төртінші тоқсанда 1-5 сыныптардан тек кезекші топтарды ғана қалдырып, онлайн оқыту жоспарланған. Облыс аумағында жыл басынан бері карантин талаптарын сақтамаған 600-ге жуық дерек тіркеліп, 38 млн теңгенің айыппұлы салынған.
Асхат Шарапиев, Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті басшысының орынбасары:Жаңа қаулының күшіне енуін қарастырып отырмыз. Ол жерде жексенбі күндері қоғамдық тамақтану жерлері жұмысын тоқтата тұрады. Сауда-саттық үйлері, сауда-саттық үйлерінің қасындағы ойын-сауық жерлері және кинотеатрлар мен театрлар жұмысын тоқтата тұрады.
Солтүстік Қазақстанда да коронавируспен күреске бағытталған қаржыны мақсатсыз пайдалану деректері анықталды. Мәселен, індетке шалдыққан сырқаттармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлеріне берілетін үстемақыны кеңседен шықпайтын мемлекеттік қызметшілерге де төлеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті қызметкерлері 800 мың теңгеге жуық қаржыны індетпен күреске мүлдем қатысы жоқ мамандардың да иеленгенін дәлелдеген.
Қуаныш Қанатұлы