Алматы түбіндегі ұшақ апатынан зардап шеккен әскери қызметкерлер есін жиды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы түбіндегі ұшақ апатынан зардап шеккен әскери қызметкерлер есін жиды

25.03.2021

Алматыда әскери ұшақ апатынан аман қалған екі науқас есін жиды. Дегенмен, дәрігерлер олардың жағдайын тұрақты ауыр деп бағалауда. Бұл туралы №4 қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Сағи Бейсенбеков хабарлады. Зардап шеккендердің өмірі үшін мегаполистің ең білікті мамандары, оның ішінде, бас реаниматолог та күрескен. Дәрігерлер бұған дейін бір науқастың денесінің 30 пайызын, ал екінші азаматтікінің 50 пайызын күйік шалғанын айтқан. 

Сағи Бейсенбеков, Алматы қалалық №4 клиникалық ауруханасының бас дәрігері:
Науқастың жағдайы тұрақты ауыр, реанимация жағдайында бақылауда. Екі науқас та есін жиды.

Еске салайық, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтаннан Алматыға бағыт алған АН-26 әскери ұшағы Алматы әуежайы маңында апатқа ұшыраған. Қайғылы оқиғадан 4 адам қаза тапты. Екеуі түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілген. Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, ұшақтың қара жәшігіндегі деректер әлі де тексеріліп жатыр. Әуе апатының себептерін анықтау үшін құрылған сараптамалық комиссия нәтижелері жақын арада жарияланады.


Хабарламаларға жазылу