Алматылық оқушы Гарвард университетінен шақырту алды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық оқушы Гарвард университетінен шақырту алды

19.03.2021

17 жастағы алматылық оқушы Ділназ Камалова әйгілі Гарвард университетіне шақырту алды. Физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы әзірге қай мамандық бойынша білім алатынын шешпеген. Жас өреннің ғылымдағы жетістіктері де аз емес. Озат оқушы жуырда дәрі-дәрмекке арналған ақылды қобдиша жобасына патент жеңіп алды.

Ділназдың «Smart» қобдишасы дәрі-дәрмек, дәруменді уақытылы қабылдауға көмектеседі. Оған бес түрлі препарат сақтауға болады. Ал құрылғы дәріні қанша мөлшерде, қай уақытта қабылдау керектігін ескертеді. Қобдишаның мобильді қосымша да жасалған. 

Ділназ Камалова, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, өнертапқыш:
Альцгеймер ауруына шалдыққан науқастарға дәрумендерді уақытылы қабылдауға көмек көрсететін дивайсты дамытуды бастаған едік. Алайда уақыт өте келе Альцгеймер ауруына шалдыққан ғана емес, сонымен қатар хроникалық ауруларға шалдыққан адамдарға да өте пайдалы болатынын түсіндік. Хроникалық ауруларға шалдыққан адамдардың жалпы қабылдайтын дәрумендерінің саны өте көп.

Қобдишаның корпусы 3D принтері арқылы басылып шыққан. Жобаны жетілдіруге білім ордасы да ат салысты. Жас өнертапқыш науқастар үшін пайдасы зор бастаманың дамуына түрлі байқаулар себепші болды дейді.

Бекзат Іңкәров, Ділнәздің ұстазы:
Ең басында идея өте қарапайым болды. Бір жарысқа қатысамыз. Идея пайда болады. Тағы да үлкейтеміз. Келесі жарысқа қатысамыз. Тағы да идея пайда болады. Сөйтіп-сөйтіп ақырындап осындай дәрежеге жетті. 

«Ақылды қобдиша» жобасы халықаралық беделді бәйгеде «Үздік 20 идея» қатарына енді. Осының арқасында Ділнәз атақты «Google» компаниясының Калифорниядағы штаб-пәтерінде болып қайтқан. Гарвард университетінен шақырту алған алғыр оқушының алдына қойған мақсаты көп. Жас өнертапқыш «ақылды қобдишасын» Америкада одан әрі дамытып, қолданысқа енгізуді көздеп отыр.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу