Шымкентте кәріз жүйесіндегі иіске уланған үш оқушы ауруханадан шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте кәріз жүйесіндегі иіске уланған үш оқушы ауруханадан шықты

19.03.2021

Шымкент қаласында кәріз жүйесіндегі сасық иіске уланып, кеше аурханаға түскен үш оқушының жағдайы жақсарды. Тиісті ем мен дәрігерлік көмек алған олар бүгін саулығы түзеліп, үйлеріне жіберілді. Енді жасөспірім қыздар бірнеше күн бойына өздерінің мекен-жайы аумағындағы емхана дәрігерлерінің бақылауында болады. Кешегі жағдайдан соң балалардың улану оқиғасы орын алған мектеп уақытша жабылды. Сол маңдағы кәріз жүйелерін тазарту жұмысы жүріп жатыр. 

 Бақытжан Позилов, Шымкент қаласы денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
Ауруханаға келген кезде алғашқы көмек көрсеткеннен кейін-ақ жағдайлары жақсы болып қалды. Жедел жәрдем ішінде оларға кислород, басқа да көмек көрсетілді. Ем жағдайлары өте жақсы. Қазіргі таңда толық жазылды деп есептеп отырмыз.

Жалпы кәріз жүйесіндегі сасық иістен кешелі бері Чапаевка шағын ауданында тұратын 21 адам уланған. Олардың бірқатарына дәрігерлік көмек көрсетілді. Бүгін кәріз құбырларының 8 шақырым жері тазартылды. Кәріз жүйесіне мұнай қалдықтары төгілген деген болжам бар. Осы аумақта орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығының да жұмысы уақытша тоқтатылды. Атмосфераны ластау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. 

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу