Шымкентте республикалық пән олимиадасына қатысқан балалар астан уланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте республикалық пән олимиадасына қатысқан балалар астан уланды

24.03.2023

Білім сайысына келіп, жұқпалы аурулар ауруханасынан бірақ шықты. Шымкентте республикалық пән олимиадасына қатысқан балалар астан уланды. 15 оқушы қазір ауруханада жатыр. Олардың біреуіне шешек шыққан. Науқастанған балалардың 10-ы Қостанай облысынан. Қалғаны Алматы, Астана қаласымен Қызылорда облысынан келген.

Ғани Қалмаханов, тілші:

Астан уланған оқушылардың барлығы жоғары оқу орнына қарасты мына студенттер үйінде жатқан. Олардың алды Шымкентке келе салып-ақ іші ауырып, мазасыздана бастағанын және дене қызуы көтерілгенін айтып, шағымданған. Сырқаттанған балалардың ересегі 18-де, кішілері 14 пен 15-те.

Науқастанған балалардың барлығы қазір инфекциялық ауруханада. Олар олимпиаданың екінші күні-ақ осында жедел жәрдем көлігімен жеткізілген.

Дмитрий, оқушының әкесі:

Балам олимпиадаға информатика пәні бойынша қатысады. Қостанайдан кеткенде денсаулығында еш кінәрат болған жоқ. Бірінші турдан соң шамамен сағат бестерде өздері жатқан жатақханада ас ішкен. Іле денсаулығы нашарлап, жансақтау бөліміне түсіпті.

Дәрігерлердің айтуынша, балалардың жағдайы қазір қалыпты. Оларға психологиялық көмек те көрсетілуде.

Ирина Глазебная, қалалық денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы:

Балалардың улануына қатысты деректер әр қилы.Олар асханада тамақтанған, одан бөлек өздері фаст-фуд алып жеген. Сырқаттардан анализ алынды. Енді зертхана қорытындысы шықса улану ошағы нақты белгілі болады. Соған қарай шара қолданамыз.

Жаратылыстану және математика бағыты бойынша өткен пән олимпадасына барлығы 891 оқушы қатысқан. Олар үш жерге орналастырылған. Университет жатақанасына жайғасқан балалар астан уланып отыр. Осы оқиғаға байланысты оқу-ағарту министрінің бұйрығымен арнайы штаб құрылды.

Гаджинбек Тұрсынов, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының директоры:

Оқушылар өздерінің өңірлік жетекшілерімен келеді жолда. Ол адамдар оқушылардың өмірі мен денсаулығына жауапты. Сол себепті анықтау жүріп жатыр. Кінәлілер болса міндетті түрде жазаланады.

Сырқаттанған оқушылардың бәрі пән олимпиадасының алғашқы турына қатысып үлгерген. Сондықтан олар білім сайысынан шеттетілмейді. Балалар бірер күнде ауруханадан айығып шығады дейді дәрігерлер. Ал, зертхананың алдын ала қорытындысы ертең белгілі болады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу