ШҚО-да бір мектептің 80-нен астам оқушысы тамақтан уланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да бір мектептің 80-нен астам оқушысы тамақтан уланды

19.03.2021

Жүргізуші: Шығыс Қазақстанның Бозанбай ауылындағы оқушылар мектеп асханасындағы тамақтан уланған. Ұлан ауданында балалардың ұшынып қалғанын және оқиға орнында тексеру басталғанын кеше хабарлаған болатынбыз. Білім басқармасы қылмыстық іс қозғалып, екі адам тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын хабарлады. Толығырақ студиямен байланысқа шыққан тілшіміз Берік Көшербайдан білейік. Берік, ауырған балалар саны қанша? Олардың жағдайы қалай?

Берік Көшербай, тілші:
Кеше Бозанбай ауылында 16 бала ауырып қалды деп айтсақ, бүгін олардың саны 82-ге жетті. Мектеп оқушылары дене қызуының көтерілуіне, құсу мен диареяға шағымданған. Қазір 46 бала өз үйінде, ал 36 бала Өскемендегі ауруханада қажетті ем алып жатыр. 

Айдын Тұртазаұлы, облыстық ана мен бала орталығының эпидемиолог дәрігері:
Инфекция бөлімшесінде 36 науқас ем қабылдауда. Барлық науқастың жағдайы қалыпты. Бүгінгі күні түскен науқастарға энтеровиусты инфекция немес ішек инфекциясын жұқтырған деген болжам қойылған. Бактерологиялық зертханаға сынамалар алынды. Нәтижесі 2-3 күнде дайын болады. Сол зерттеудің нәтижесі бойынша нақты диагноз қойылады. 

Берік Көшербай, тілші:
Бозанбай орта мектебінде барлығы 272 оқушы бар. Оларды тамақтандыруға мектеп асханасын жалға алып отырған жеке кәсіпкер жауапты болған. Балалардың астан улануына байланысты аудандық ішкі істер бөлімі қылмыстық іс қозғап, сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізе бастады. Бақылауды әлсіреткені үшін аудандық білім бөлімінің басшысы мен мектеп директоры қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Кешегі күннен бері Бозанбай орта мектебі карантинге жабылып, оқушылар қашықтан білім алып жатыр.


Хабарламаларға жазылу