Елордада 24 шлагбаумға жедел жәрдемге арналған құрылғы орнатылған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада 24 шлагбаумға жедел жәрдемге арналған құрылғы орнатылған

17.03.2021

Елордада үйлердің ауласына орнатылған шлагбаумдар жедел жәрдем және өрт сөндіру қызметіне кедергі. Өйткені, көліктер осы шлагбаумдар дер кезінде ашылмағандықтан ішке кіре алмайды. Сол себепті, шлагбаумдарға арнайы құрылғы орнатылып жатыр.

Жедел жәрдем қызметінің мәліметінше Нұр-Сұлтанда осы мәселе 120-дан астам тұрғын үйде бар. Яғни, асыққан кезде шлагбаумдарды ашуға жауапты адамды табу қиын. Соның кесірінен, көмекке келген бригада алысқа тоқтауға мәжбүр.

Мұрат Оразбаев, қалалық жедел жәрдем станциясының директоры:
Бұл соңғы 10 жылдағы ең өзекті мәселенің бірі. Өйткені, шлагбаум алдында тұрып қалатын 4-5 минуттың өзі бізге өте көп. Оны шешу үшін осы уақытқа дейін бірнеше жоба жасалған, бірақ олар жемісін бермеді.

Қазір мәселені шешу үшін шлагбаумдарға арнайы құрылғы орнатылып жатыр. Сол арқылы жедел жәрдем жүргізушісі оны пультпен өзі аша алады. Сондай-ақ, диспетчерлік орталыққа хабарласып немесе мобильді қосымшаны қолдануына болады.

Азамат Байболатов, «Smart city» компаниясының бөлім бастығы:
Бұл құрылғылар 4G ұстайтын SIM картамен жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін Қазақстанның ауа райына төзімділігі дәлелденген. Яғни, аязды күндері қатып қалмайды.

Әзірге мұндай құрылғы 24 шлагбаумға орнатылған. Ал, басқа аулаларға қою үшін тұрғындардың келісімі керек. Өйткені, жобаға мемлекеттен қаржы бөлінбеген. Құрылғыларға жеке компания өз ақшасын жұмсаған. Ал, оның ай сайынғы күтіміне кемі 15-20 мың теңге қажет. Яғни, әр пәтер шамамен 200 теңге төлеуі тиіс.

Амангелді Сейітхан

Хабарламаларға жазылу