Павлодар облысындағы «Май Сервис» кәсіпорыны жұмысшыларының зейнетақы қорына жылдар бойы бір тиын қаржы түспеген. Одан бөлек жүзден астам жұмысшы соңғы үш айдың жалақысын мезмініде алмаған. Мекеме тарапынан еңбекке қатысты ешқандай ресми құжат та берілмеген көрінеді.
Көктөбе ауылындағы модульді су тазалағыш кәспорынында жылдар бойы оператор болып істеген Татьяна Приходько жақында еңбек демалысына шығады. Бірақ зейнетақы қорына еш төлем аударылмағанын көрген ол , ақшасын енді қалай өндіріп алатынын білмей дал.
Татьяна Приходько, модульді су тазалағыш операторы:Олар маған еңбекақыны қалай төлеп жатыр? Зейнетақы қорына түсетін ай сайынғы салым жоқ. Еңбек демалысына шыққанда сонда мен не аламын? 10 жылғы төлемді аудармаған.
Зейнеткерлік жасына жеткен соң құжат жинауға кіріскен Мансұр Кәрімов те қорға түспеген ақшасын даулап жүр. «Май Сервис» кәсіпорыны оның есеп шотына соңғы 7 айда бір тиын қаржы аудармаған.
Мансұр Кәрімов, Май ауданының тұрғыны:Мен соңғы 5 жылда осы «Май Сервисте» жұмыс істедім. Өткен жылдың 7-ші қазанына дейін. Содан халыққа қызмет ету орталығына барып түбіртектерді қарасам қаңтар, ақпан, наурыз айларында ақша аударылған, басқа айларда жоқ. Есепшіден сұрасам ақша жоқ, күтініз дейді.
120 адам еңбек ететін кәсіпорын басшысы жақында ауысыпты. Еңбекке қатысты құжаттарды қарап жатырмыз. 50-ден астам жұмысшының зейнетақы қорына ақша аударлымағаны рас -дейді ол.
Серік Құсайынов, «Май Сервис» мемлекеттік қазынашылық кәсіпорынының директоры:Бұл заңсыз әрине. Бұндай мәселе бар. Біз оны есептеп қойдық. Өткен жылдардікін біз осы жарты жылдыққа дейін этап бойынша жабамыз. Ал, енді осы қаңтар айынан бастап ай сайын зейнетақы қорына төлемдер уақытында аударылып тұрады.
Мекеме жүзден аса жұмысшыға жыл басталғалы еңбекақы да төлемеген болып шықты. Тек түсіру тобы келетінін естіп қарызды дереу жауыпты.
Надежда Гофман, модульді су тазалағыш операторы:Демалыс күні әкімнің орынбасары мен біздің есепші үйіме келді. Телеарнаны шақырманыз, оларға келмеңдер деп айтыңыз деп үгіттеді. Мен көнбедім. Бүгін міне түске дейін екі айдың еңбекақысын карточкама салыпты.
Мекемеге директор тұрақтамайды. Жиі ауысады. Біз жаңа басшыдан аудиторлық тексеру жүргізілуін талап етеміз-дейді кәсіпорын жұмысшылары. Шағымдары ескерілмесе прокуратураға арызданбақ.
Болат Аманбаев