Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен екі азаматтың жағдайы тұрақты ауыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен екі азаматтың жағдайы тұрақты ауыр

14.03.2021

Алматыда ұшақ апатынан зардап шеккен екі азаматтың жағдайы тұрақты ауыр. Олар жеткізілген қалалық нөмірі төртінші клиникалық аурухана өкілдерінің айтуынша, «Зардап шеккендерге ота жасалды. Оларды аман алып қалу үшін бар жағдай жасалды. Жан сақтау бөлімінде жатыр».

Кеше Нұр-Сұлтан-Алматы бағытындағы әскери ұшақ кешкі 17:25-тер шамасында Алматы әуежайының ұшу-қону жолағына жетпей апатқа ұшырап, өртке оранған болатын. Төтенше жағдайлар қызметі өртті тез сөндіргенімен, борттағы алты адамның төртеуі оқиға орнында қаза тапты. Олар: майор Ғабит Барлықбаев- авиация бөлімінің штурманы, капитан Досжан Баймұратов- авиация бөлімі ұшу тобының борт технигі, аға лейтенант Мұхтар Сағымбаев- авиация бөлімі ұшу тобы экипажының штурманы және сержант Евгений Васильков- авиация бөлімі ұшу тобының аға борт механигі болатын.

Мемлекет басшысы көз жұмғандардың туыстарына көңіл айтты.

«Алматы әуежайында апатқа ұшыраған ұшақта қаза болған әскери қызметкерлердің туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Жарақат алғандардың тезірек сауығып кетуін тілеймін. Менің тапсырмам бойынша әуе апатының себептерін анықтау жұмыстары басталды. Мұндай оқыс оқиғалар қайталанбауы керек»деп жазды Қ.Тоқаев Twitter-дегі парақшасында.

Апаттан кейін Алматы әуежайы уақытша жабылып, қонатын ұшақтар басқа әуежайларға жіберілді. Құзырлы органдар қайғылы оқиғаның себебі туралы әзірге болжам айтқан жоқ. Ұлттық қауіпсіздік комитеті әуе апатының себептерін анықтайтынын хабарлады. Комитет құлаған ұшақтың ҰҚК әуе қызметіне тиесілі екенін ғана жариялады.

Құлаған АН-26 ұшағының техникалық жағдайы туралы ақпарат айтылған жоқ. Ашық деректерге сүйенсек, АН-26 – «Антонов» конструкторлық бюросында әзірленген Кеңес Одағының әскери-көлік ұшағы. Ол - АН-24 моделінің жетілдірілген түрі.


Хабарламаларға жазылу