«Balapan» телеарнасының жанынан ашылған анимация мектебі жұмысын бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Balapan» телеарнасының жанынан ашылған анимация мектебі жұмысын бастады

12.03.2021
«Balapan» телеарнасының жанынан ашылған анимация мектебі жұмысын бастады

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Balapan» телеарнасының жанынан құрылған «Ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға арналған анимация мектебі» 12 наурыздан бастап жұмысын бастайды. 

Қазақстанда тұңғыш рет жүзеге асырылатын жоба мақсаты: ерекше білім алу қажеттіліктері бар балаларға мамандығына айналатын кәсіпті үйрету, әлеуметтік бейімдеуге жәрдемдесу және олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру. 

Бір ай бойы жүргізілген іріктеу нәтижесінде 30 оқушы таңдалып алынды. Іріктеу комиссиясына «Balapan» телеарнасының шығармашылық тобымен қоса, еліміздегі арнайы білім беру саласында тәжірибесі мол білікті мамандар кірді. 

Бұған дейін хабарланғандай, оқушылар алғашқы айда «Анимация негіздері» тақырыбында жалпы дәріс тыңдап, мультипликация саласының қыр-сырымен танысады. Әрі қарай қызығушылығы мен бейіміне қарай бірнеше топқа бөлініп оқытылады:

1-топ - 2D аnimation тобы;

2-топ - 3D аnimation тобы;

3-топ - Stop Motion тобы;

4-топ - Сut-out аnimation (қағаздан қиылған анимация) тобы; 

5-топ - Ермексаздан анимация жасау тобы.

Мектеп қатысушыларына еліміздің, сондай-ақ Жапония мен Оңтүстік Корея мемлекетінің үздік аниматорлары дәріс оқиды.

«Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбайдың айтуынша, жоба әлеуметтік қолдаудан бөлек, болашақта осы сала бойынша сұранысқа ие мамандар қатарын толықтыруды көздейді.  

«Balapan» телеарнасы жанынан мұндай мектеп ашу ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Ғалымқызының бастамасымен жүзеге асып отыр. Басты мақсат - балаларды оқытумен ғана шектелмей, анимация өнерін олардың болашақ кәсібіне, тіпті негізгі мамандығына айналдыру және мүмкіндігінше жұмыспен де қамту. Басқа емес, анимация мектебін ашуымыздың өзіндік себептері бар. Мәселен, бұл сала Қазақстанда соңғы 10 жылда қарқынды түрде дамып келеді. Яғни, мультипликатор мамандар елімізде де, халықаралық нарықта да сұранысқа ие болары анық. Сонымен қатар анимация салу адамға физикалық тұрғыда күш түсірмейді. Сондықтан бұл денсаулығына байланысты қимыл-қозғалысы шектеулі азаматтар үшін ыңғайлы кәсіп екенін ескердік. Ең бастысы, осы балалардың арасынан нағыз талант иелері, өз ісінің хас шеберлері шығатынына сеніміміз мол. Айрықша айта кетерлігі, еліміздегі жетекші мультипликатор мамандар анимациялық мектеп түлектерімен алдағы уақытта да байланыс үзбей, олардың тәжірибесін арттыруға, қолдауға ниет білдіріп отыр. Бұл әрине, балалар үшін үлкен көмек, зор мүмкіндік», - деп атап өтті Басқарма төрайымы.  

Оқу курсы ақысыз негізде, жеке анимациялық студиялардың атсалысуымен қайырымдылық жоба ретінде жүзеге асады. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы балаларды оқуға қажет арнайы планшеттер және өзге де техникалық құралдармен қамтамасыз етеді.

Онлайн мектептің алғашқы курс сабақтары тамыз айына дейін жалғасады.

Balapan анимация

Хабарламаларға жазылу