Ақтүтек боранда адасып, бір аптадан соң табылған Амангелді Тұржанов енді санаулы күннен кейін үйіне оралады. Ол қазір Жезқазған қаласындағы ауруханада ем қабылдап жатыр. Жеті күн бойы жапан далада қалай күнелткенін ол өз аузымен айтып берді.
Ақтүтек боранда 7 күн адасып аман қалған Амангелді Тұржанов қазір әл жиып, сауығып келеді. Өткен қорқынышты күндер жадымда әлі сайрап тұр дейді жолы болғыш азамат. Қостанай облысының Қарасу ауылының тумасы мал бағып шығып, қара үзіп қалған. Аты болдырып, апта бойы өлместің күнін кешкен ол нәр татпай әбден титықтаған.
Амангелді Тұржанов, малшы:Құлап жатқан үйде екі күн қондым. Сосын ескі доңғалақтар жатыр екен соның ішінде екі күн жаттым. Ең соңында күдерімді үзген соң қамыстың арасында жатқанда жылқының жеп жатқан шөбін жедім. Енді аш қалмау керек болды.
Із түссіз кеткен Амангелдіні тек 7 ші күн дегенде тікұшақтың көмегімен тапты. Қозғалыссыз қалған оны құтқарушылар бірден Жезқазғандағы ауруханаға жеткізді.
Рүстем Нысамбаев, Жезқазған қаласы орталық ауруханасының бөлім меңгерушісі:Науқастың денсаулығы жақсарып келеді. Алғашында өте әлсіз еді. 20 келі салмақ жоғалтқан. Беті мен саусақтарының үсік шалған жерлері қалыпқа келеді. Қазір өздігінен жүреді. Тамаққа тәбеті ашылды.
Амангелді осымен үш мәрте өлім аузынан қалған. 25 жасында жігіттер арасында жаппай төбелес болып, кеуде тұсынан пышақ жарақатын алған. Ал 37 жасында Елордадағы құрылыстың бірінде жүріп 6-шы қабаттан құлапты. Көрер жарығы таусылмаған азаматты қазір отбасы асыға күтіп отыр.
Жоғалып аман сау табылғандардың бірі 16 жастағы Жаңаарқа ауданының тұрғыны. 14 ақпан күні боранда жоғалып кеткен баланы күштік құрылымдар мен құтқарушылар түгел іздеді. Екі күн далада қонған Бақтиярды тәртіп сақшылары ақыры тас арасында жатқан жерінен тапты.
Жұбаныш Жүнісбеков, учаскелік полиция инспекторы:Тау-тасты аралау автокөлік, басқа да құралдарға қиындыққа соққаннан кейін, атқа мініп тау-тасты аралап, кешкі сағат 7-8 шамасында баланы аман-есен тауып, әке-шешесіне тапсырдық.
Қазір Бақтиярдың денсаулығы қалыпты. Баланың аман-есен табылуына сеп болған полиция қызметкерлеріне ата-анасының алғысы шексіз.
Руслан Нұрланұлы