Нұр-Сұлтанда короновирус жұқтырғандар саны азайып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда короновирус жұқтырғандар саны азайып келеді

03.03.2021

Елорда да короновирус жұқтырғандар саны қаңтар айымен салыстырғанда 33,8 пайызға азайды. Бұл туралы қаланың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Сархат Бейсенова мәлімдеді. 

Қазір ел астанасында 2 мыңнан астам адам вакцина алды. Вирусқа шалдыққандардың жартысына жуығы жұмыс істейтіндер. Ал оқушылар арасында көбіне қашықтан оқығандар вирус жұқтырған. Жалпы, ахуалдың жақсаруына қабылданған шектеу шаралары ықпал етіп отыр. 

Сархат Бейсенова, Нұр-Сұлтан қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері:
Оқу жылының басынан бастап оқушылар арасында короновирустық инфекция 1103 жағдай тіркелді. Оның ішінде кезекші сынып арасында 263 немесе 23,8 пайыз. Қашықтан оқыту бойынша оқушылар 840 жағдай, яғни 76 пайыз құрайды.

Бизнес қауымдастық тарапынан «Ashyq» пилоттық жобасын қолдануға қызығушылық артып келеді. Фитнес-клуб, бассейн және компьютерлік клуб сынды 39 бизнес нысан жаңашылдықты пайдаланып, тиімділігін бағамдап жатыр. Олардың кейбірі былтыр наурыздан бері жұмыс істемеген. Бұған қоса, 10-ға жуық қоғамдық тамақтану орыны жобаға қатысуға ниет білдірген. QR-код арқылы жұмыс істейтін жоба ғимаратқа келушілер арасынан вирус жұқтырғандарды анықтайды. Мобильді қосымша адамдардың еркін қозғалысын шектемейді.

Саян Әбдішев, Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті цифрландыру басқармасының басшысы:
Аталған жүйе ерікті түрде пайдаланылады. Мемлекет жобаға қатысу үшін ешкімді мәжбүрлемейді. Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды қалалары бойынша тізімді «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы жасайды. 100-ге жуық кәсіпкер қызығушылық танытты. Болашақта жобаға басқа да бизнес өкілдерін кезең-кезеңмен тарту көзделген. 

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу