Балалар арасында суицид 25 пайызға азайған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Балалар арасында суицид 25 пайызға азайған

02.03.2021

Оқушылардың 12%-дан астамы өз ортасынан жәбір көреді. Салдары суицидке әкеп соғады. Тіпті, футбол ойнай алмағаны үшін сыныптастарынан келемеж естіген жасөспірім өзіне қол жұмсаған. Қатарластарының қағытпасына басқа, балалардың өмірден түңілуіне итермелейтін тағы бір тетік бар. Ал, жалпы қашықтан оқуға көшкелі өз өмірін қию дерегі төмендеген.

Суицид – көлік апатынан кейін тұрған опат. Әсіресе, өз өміріне балта шабу балалар арасында көп. Бірақ, былтыр 25%-ға кеміді. Соның өзінде 143 дерек тіркелді. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда 36 жағдайға аз. Бұған, қашықтан оқу мен ата-аналардың қасында көбірек болуы септігін тигізген. Өйткені, күйзеліске түсуге негізінен мектептердегі әлімжеттік пен кемсіту түрткі. Оқушылардың 12%-дан астамы жәбірлеуге ұшырайды. Қысым қатарластары тарапынан ғана емес, тағы басқа қыспақ бар.

Елнұр Бейсенбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Жәбірлеудің жалғасы ретінде кибербуллингтің болу қаупі аса жоғары. Яғни баланың психикасына, оның жеке басына байланысты кемсітетін іс әрекеттерді әлеуметтік желілер, WhatsApp, жеке СМС хат арқылы көпшілікке тарату. Сондай-ақ бұл түсінік бойынша әкімшілік немесе қылмыстық іс әрекеттерді енгізу жоспарланып отырған жоқ. Яғни түсіндірме бағытта, профилактика. Кінәлілерді анықтау қарастырылмаған. Бірден кесіп айтамыз.

Сұрықсыз құбылыс жиі қайталанады. Себебі, мектептерде бірізділік жоқ, жұмыс әр алуан,-деп сынады депутат.

Дулат Жекебаев, ҚР БҒМ балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары:
Мектеп психологтарын дайындап жатырмыз. Осыған қатысты жиналыс өткіздік. Жергілікті атқарушы органдар осы жұмысты әрі қарай жалғастырады. Қандай әлеуметтік, экономикалық қандай сұрақтар туындап жатыр. Немесе отбасыда түрлі жағдай болып жатқан шығар.

Жалпы, балалар суицидінің 80 пайызында себебін анықтау мүмкін емес. Мектеп тұрмақ, үйде де отырып өзіне қол салған жеткіншектер бар. Жыл кіргелі 4 дерек тіркелді. Жамандықтың алдын алуға болады. Бала 10 жасқа дейін ата-анасына қарап, сосын ортасына еліктеп өседі. Осы кезді қалт жібермей өзара қарым-қатынасты түзеу керек,-дейді психолог.

Қашықтан оқыту бір пәледен тыйса, басқа проблемаға тап қылған. Онлайнда отырған балалар арасында әлеуметтік байланыс азайды. Ал, мұндай қатынас олардың жасында маңызды фактор. Бұрын іштегі аптығын қатарластары арасында басса, қазір соны шығара алмайды. Сарапшылар енді соның салдарын ойлап, бас қатарып отыр.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу