1-5 сыныптар аралас оқыту форматына көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

1-5 сыныптар аралас оқыту форматына көшті

02.03.2021

Елімізде 1 наурыздан бастап 5-сыныпқа дейінгі, халықаралық мектептердің 7-сыныпқа дейінгі оқушылары аралас оқыту форматына көшті. Яғни, жалпы оқушылардың 47%-ы штаттық режимде, ал 53%-ы қашықтықтан білім алуды жалғастырады. Бұл туралы Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова мәлімдеді. 

Сондай-ақ, биыл мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ. Бастысы таза, ыңғайлы киім кию керек. Оқушы ауырып қалса, яки науқас адаммен байланыста болса, ата-анасының өтінішімен қайтадан онлайн форматқа көшеді. Сондықтан білім ошақтарында санитарлық талаптар мен жеке бас гигиенасы қатаң сақталуы тиіс. Ал қашықтықтан оқу форматында қалып отырған 6-10 сынып оқушыларының арасында үлгерімі төмендеп кеткендері болса, 15 балаға дейін қосымша сабақтар өткізу қарастырылған. 

Шолпан Каринова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:
Өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдайларға байланысты штаттық немесе қашықтықтан оқытатын пәндерді әр білім мекемесі өздігінше дербес анықтауға құқылы. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі негізгі пәндерді штаттық режимде оқытып, көркем еңбек, музыка пәндерін қашықтық форматта жалғастыруды ұсынып отыр.

Ақниет Балтанова

Хабарламаларға жазылу