Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға тыйым салынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ауыл шаруашылығы жерлерін шетелдіктерге сатуға тыйым салынады

25.02.2021

Президент шетелдіктер мен шетелдік заңды тұлғаларға ауыл шаруашылығы жерлерін сатуға, жалға беруге заң жүзінде біржола тыйым салуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл шешімін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 5-ші отырысында жариялады. Көп ұзамай тиісті заң жобасы әзірленеді. Жиында жер реформасынан бөлек білім беру, тұрғын үй құрылысы, адам құқығын қорғау мәселелері бойынша ұсыныстар айтылды. 

Қазақ үшін жер мәселесі қашан да маңызды. Оның төңірегінде туындаған даудың да салмағы ауыр. Мемлекет басшысы қазақтың жері шетелдіктерге сатылмайды,- деп талай мәрте айтты. Дегенмен, қауесет азаймады. Сондықтан Президент өзге ел азаматтарына ауыл шаруашылығы жерлерін жалға беруге де, сатуға да тыйым салуға пәрмен беріп отыр. Тиісті заң жобасы шұғыл түрде әзірленіп, жерге қатысты әр шешім халыққа жариялануы – басты міндет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бір айдың ішінде Жер реформасы жөніндегі комиссияны құрып, 25 наурызда жұмысқа кірісуді тапсырамын. Комиссияның құрамына аграрлық сектордың беделді өкілдерін және жер мәселесін жетік білетін сарапшыларды қосу керек. Үкіметке биылғы тамыз айының соңына дейін жер реформасының негізгі мәселелері бойынша ортақ мәміле арқылы түбегейлі байлам жасауды тапсырамын.

Тағы бір басты мәселе – баспана. Биыл тұрғын үй құрылысы 11 пайызға артқан. Алайда жаңа нысандардың жартысына жуығы үш мегаполиске тиесілі. Яғни, өңірлердегі ахуал мәз емес. «Қолжетімді баспанаға» қол жеткізу қиындап барады. Зейнетақының бір бөлігін осы мәселені шешу үшін пайдалануға мүмкіндік беріліп еді, нарықта баға шарықтап кетті. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Нақты экономикалық факторларға байланысты құрылыс компаниялары қазір арзан үй салуға мүдделі емес. Сол себепті қолжетімді әрі сапалы үй салуды жандандыру үшін құрылыс компанияларымен оффтейк, яғни алдын ала сатып алу келісімін жасау керек. Соған сәйкес тұрғын үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасындағы бағамен сатып алынады. Мұндай тәсіл сынақ жобалары аясында алдын ала пысықталды. Енді, мұны бүкіл ел бойынша жүзеге асырған жөн. Бұл қадам аз уақыттың ішінде құны қолжетімді жаңа тұрғын үйлер салуға мүмкіндік береді.

«Дипломмен ауылға» барған жастарды да баспанамен қамту мәселесі көтерілді. Президент жұмысшыларына үй салып берген кәсіпкердің 50 пайыз шығынын мемлекет өтеп берсе, - деген ұсыныс айтты. Осылайша, шаңырақ көтерген жас отбасылар ауылда қалуға мүдделі болады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жалпы, ауылдық жерде үй салу баспана мәселесін ғана шешпейді. Мұндай жұмыс экономикалық белсенділікті арттыруға және тұрмыс сапасын жақсартуға септігін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан мемлекет барынша қолдау көрсетуге тиіс.

Елдімекендерде саяси белсенділік арта түсетін түрі бар. Биыл 800-ге жуық ауыл әкімінің өкілеттігі аяқталады. Демек, жаңа ережеге сәйкес ауыл басшыларын халық өзі сайлайды. Ал аудан әкімдері үшін дауыс беру 2024 жылдан бастап мүмкін болады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сайлау туралы заңнамаға енгізілетін барлық өзгерістер мен толықтырулар пысықталуда. Тиісті заң алдағы уақытта қабылданады. Содан кейін ғана кенттердің, ауылдар мен ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауына қажетті барлық нормативтік-құқықтық негіз толығымен қалыптасады деп айта аламыз.

Ауыл-аймақтың әлеуетін арттыра түсу үшін Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды институтқа айналдыруды жөн санайды. Ал олардың жұмысын қоғам қадағалауы тиіс. Өңірлердегі тағы бір өзекті мәселе– мұғалім мен дәрігер тапшылығы. Бұл мәселені шешу үшін Мемлекет басшысы медициналық оқу орындарындағы стипендияны көбейтуді жүктеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазірдің өзінде көптеген өңірлерде осы сала мамандарының тапшылығы ерекше байқалып отыр. Бұл – өте күрделі мәселе, оны жедел шешуіміз керек.

Білім саласы сыналған пандемия кезінде ақпараттық-технологиялардың маңызы артты. Сондықтан Президент қашықтан оқу әдісін одан әрі жетілдіріп, интернет тарифтері аясында отандық білім беру ресурстарын мектептерге тегін ұсыну керек, - деді. Ерекше күтімді қажет ететін балаларды оқыту мәселесі де сөз болды. Мамандандырылған мекемелер жоқтың қасы. Салдарынан мүгедек балалар тексеруден өту үшін кезек күтуге мәжбүр. Қазіргі талапқа сай елімізде бір психологиялық-медициналық-педагогикалық комиссия 60 мың ерекше баланы қамтуы тиіс. Президент бұл межені 50 мыңға түсіруді жүктеді. Жалпы, біздің орта әлі де мүгедектердің мүмкіндігін көп шектейді. Президент технология дамыған замандағы бұл ахуалды сынға алды. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:: 
Қазір күтімге мұқтаж адамдардың өзіне тиесілі әлеуметтік қызметтерді пайдалануы өте қиын. Олар онсыз да белгілі нәрсені дәлелдеу үшін түрлі кеңсенің табалдырығын тоздыруға мәжбүр. Цифрлық технологиялар мен автоматтандыру дәуірінде мұндайға жол беруге болмайды. 

Президент Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің ақпараттық жүйелерін біріктіріп, ортақ қор құруды тапсырды. Ал мүгедектердің қозғалысы шектелмес үшін жергілікті атқарушы органдар арнайы карта әзірлеуі тиіс. Онда медицина, білім беру сынды мүгедектер ең жиі баратын мекемелер тізімі жасалып, олардың кедергісіз жүріп-тұруына жағдай жасалуы тиіс. Құқығы қорғалмай қалған тағы бір топ – қатері мол кәсіптегі жұмысшылар. Бұл орайда Мемлекет басшысы елімізде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етудің 2025 жылға дейінгі шаралар жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ал өскелең ұрпаққа төніп тұрған басты кесел – жағымсыз әдеттер. Тәуелсіз елде зиянды заттар мен құмар ойындарға тәуелділік құптарлық емес. Сол себепті заңсыз ойын бизнесімен күрес күшейеді. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Балаларды және кәнігі құмарпаздарды ойынға тартқан немесе сондай жағдайға жол берген заңды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуға тиіс. Қажет болса, оларды лицензиясынан айырамыз. Қазір осындай заңсыз қызметі үшін жеке тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ғана айыппұл салынады. Шетел азаматтарының ел аумағында құмар ойындарды заңсыз жүргізіп, лотерея ұйымдастыру арқылы табыс табуына тыйым салу керек.  

Қорғанға қорғаушылар да мұқтаж. Ұлттық кеңестің бұл отырысында Президент адвокаттардың мәртебесін көтерді. Олардың құқықтарын прокурорлармен теңестіріп, өмірінің соңына дейін лицензиясын айыру ережесін қайта қарау ұсынылып отыр. Ал әйелдер мен балалар құқығын қорғау саласын реттеу үшін бұрындары жабылып қалған ІІМ-не қарасты арнайы бөлімшелер қайта ашылмақ. Қысқасы, реформалар аз емес.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біз реформаларды біреуге ұнау үшін, олардың алдында жақсы көріну үшін не болмаса біреулерге есеп беру үшін жүргізіп отырғанымыз жоқ. Реформаларды ешкімге жалтақтамай, ұдайы іске асыратын боламыз.

Президент бұл сөздерін әр мәселеге қатысты қауесет тарататындарға арнағандай. Айтпақшы, сапалы пікірталас орнына хайп қуатын белсенділерге ренішін білдірді. Ал отанын сатып, қос азаматтық алған мемлекеттік қызметкерлер үшін жазаны қатаңдатуды тапсырды. Өйткені жер, азаматтық мәселесі тұтас ұлттың қауіпсіздігіне барып тіреледі.

Альбина Әшім


Хабарламаларға жазылу