Көлемі 50 млн. текше метр болатын топырақ массасы әлі де сырғып келеді. Бастапқыда жылдамдығы сағатына 4 метр болса, қазір 1 метрге баяулады. Сырғыған топырақ Көлсай көлдеріне баратын жолдардың бірін жауып тастаған. Электр бағаналары құлап, көл маңындағы демалыс орындары жарықсыз қалды. Оқиға орнына облыс әкімі Амандық Баталов барып, жағдайды пысықтады. Қазіргі таңда арнайы штаб құрылып, төтенше жағдай қызметкерлері, «Қазселденқорғау» мекемесінің мамандары жұмыс істеуде. Сырғыманы күшпен тоқтату мүмкін болмай отыр. Бірақ, тұрғындарға ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Тек тау массасы Саты өзенінің арнасын жауып тастаған. «Басты мақсат - осы өзеннің ағысын қалыпқа келтіру», - дейді мамандар.
Дарынбек Байсариев, облыстық ТЖД басшысы:
- Бұл жерде 42 техника бар. Оның ішінде өздеріңіз көріп тұрған штаб, қосымша техника бар. Барлық мекемелер жұмылдырылған.
Қуаныш ҚАНАТҰЛЫ