Түркияда Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтеді. Қазақстанның Түркиядағы елшілігінде өткен «Ұлы Даланың Ұлы тұлғалары Абай, Фараби және Жамбыл» атты жиында Абай жылы қорытындыланып, тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған шаралардың бастамасы жасалды. Жиынға қатысқандар екі ел арасындағы жан-жақты байланысты нығайту бағытында өткен жылы атқарылған шаралардың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ, Қазақстан мен Түркия арасындағы мәдени байланысты арттыруға үлес қосқан зиялы қауым өкілдері мен белсенді азаматтарға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан алғыс хат тапсырылып, мерекелік медальдармен марапатталды.
Метин Гүндоғду, Tүркия парламентінің депутаты:Қазақстан біздің атажұртымыз. Сондықтан қазақ халқының ұлы тұлғаларын Түркияда таныстыру жұмыстарын әлі де болса арттыру қажет. Мәселен түрік оқырманы Абайдың көптеген шығармаларын әлі де болса білмейді. Биылғы тәуелсіздік мерейтойы жылында осындай шараларды көбейтіп, екі ел арасындағы байланысты нығайтуға мен де үлесімді қоссам деймін. Бүгін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан алған алғыс хат мені шабыттандырып отыр.
Айдос Әшімұлы