Телевизия тарланы Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Телевизия тарланы Нұртілеу Иманғалиұлы өмірден өтті

21.02.2021

Осы аптада телевизия тарланы Нұртілеу Иманғалиұлы мәңгілікке мекенге кетті. Екі нәрсе айтқым келеді – біріншісі: мамандыққа адалдығы, өліп-өшіп сүйгені. Оны тыңдап, құлағының құрышын қандырған аудитория болсын, сыни көзбен қараған аудитория болсын, мейлі, ең маңыздысы - ешкімді бейжай қалдырмаған журналист. Бұл тұрғыдан мұратына жетті. Екінші дүние: елді сүйді. Жерді сүйді. Адамды сүйді.Түптеп келгенде Нұртілеу ағада отбасына, Отанына, мамандығына фальштан ада сүйіспеншілік болатын. Осы шынайылық шығар, 45 жыл эфирде жүргені. Бір жарым жыл бұрын Ұлттық арнаның төрайымы жұмысқа шақырғаны, сөйтіп ақырғы күніне дейін «Nur Tileý» деген хабар жүргізгені қимасақ та, шыны сол - өзінің миссиясын әдемі аяқтағандай көрінді. Бұл да екінің бірінің маңдайына жазылмайтын тағдыр. Ерекше елең еткізетін адам болмаса.

Соңғы пайым: журналистикада сынып кетпейтін мінез керек. Табандылық және мейіріммен астасатын. Миллиондарды жүрегіңе сыйғызып, жүрегіңнен орын беріп ғана қоймай, бәрінің сұрағын қойып, мәселелерін көтеру, соған тырысу – айтылатындай, оңай емес. Бірақ «Ешкім қинап істетіп жатқан жоқ, бұл жол өз таңдауым» деп, ешқашан қызметін міндетсімейтін мінезді журналист ғана халқының тілеуін тілеуден шаршамайды. Соңғы күніне дейін.

Жайна Сламбек

Хабарламаларға жазылу