Шымкенттегі мүгедек қыз зорланды деген әлеуметтік орталықтан заңбұзушылықтар анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі мүгедек қыз зорланды деген әлеуметтік орталықтан заңбұзушылықтар анықталды

18.02.2021
Шымкенттегі мүгедек қыз зорланды деген әлеуметтік орталықтан заңбұзушылықтар анықталды

Шымкент қаласының № 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығынан заңбұзушылықтар анықталды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тексеру нәтижелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукеновтің төрағалығымен өткен Әлеуметтік жұмыстың басым бағыттары мәселелері жөніндегі ведомствоаралық кеңестің отырысында айтылды. Іс-шараға Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова, бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері және т. б. қатысты.

Бұған дейін хабарланғандай, Шымкент қаласының тұрғыны Әлия Мамутованың Instagram-дағы жазбасы тексеруге негіз болды. Әйел І топтағы мүгедек қызы мекемеде 7 жыл бойы зорлағанын хабарлады. Оның айтуынша, эпилепсиямен ауыратын қызы есінен танған кезде оның денесіне қол сұғылған.

Мониторингтік топтың құрамына бейінді мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің және т. б. өкілдері кірді.

Тексеру барысында қызмет алушылардың құқықтарының бұзылу фактілері және Орталық қызметін ұйымдастыруда кемшіліктер анықталды. Мысалы, бірнеше палаталарда жатын алаңдар белгіленген нормаларға сәйкес келмейді, яғни тиісті 5 м2 алаңның орнына қызмет алушыға 3-тен 4,5 шаршы метрге дейін келеді.

Кейбір қызмет алушылардың жеке жұмыс жоспарлары оңалтудың жеке бағдарламасы ескерілмей жасалған. Бұдан басқа, қызмет алушылар жұмсақ инвентарьмен және киіммен толық көлемде қамтамасыз етілмеген. Қызмет алушылардың киімінің маркировкасы жоқ.

Сондай-ақ, асхана, ас бөлмесі, азық-түлік қоймасын тексеру кезінде бірқатар бұзушылықтар анықталды. Бұзушылықтар Орталықтың лауазымды адамдарында тиісті бақылаудың жоқтығын көрсетеді, ас блоктарында және басқа да үй-жайларда антисанитариялық жағдайлардан қызмет алушылардың жаппай жұқтыру қаупі бар.

Сонымен қатар, 2020 жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмыс тобының мүшелері объектіге бару барысында берген ескертулерге мекеме басшылығының әрекетсіздігі және әлсіз әрекет етуі атап өтілді.

Соңғы тексеру арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету бойынша бұзушылықтар жойылмағанын көрсетті.

Тексеру нәтижелері бойынша Шымкент қаласының әкімдігіне Еңбекминінен біліктілік талаптарын ескере отырып, орталық директоры Мырзахан Жолтаевты атқаратын лауазымынан босату және мекеме басшысын қоғамның белсенді өкілдері қатарынан тағайындау туралы мәселені қарау жөнінде ұсыныс жіберілді.

Сондай-ақ, кеңес барысында балаларға арналған 20 медициналық-әлеуметтік мекеменің (бұдан әрі – МӘМ) басшыларына қатысты жазалау шаралары жайы айтылды.

Осылайша, барлығы 13 қызметкерге қатысты жаза қолданылды, оның ішінде 4 орталық басшысы жұмыстан босатылды (3 директор және директордың орынбасарлары; ШҚО, Түркістан облысы және Нұр-Сұлтан қаласында), Шымкент қаласының № 6 орталығы мен Солтүстік Қазақстан облысының «Арман» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының директорларына қатысты жаза қолданылды. 

4 орталықтың директорларына (Атырау, Жамбыл, Қостанай және Қарағанды облыстары) қатысты «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза ұсынылды. Сондай-ақ, 6 МӘМ бойынша бұзушылықтар толығымен жойылды. Алматы және Маңғыстау облыстарының екі орталығында бірінші басшылардың ротациясы ұсынылды.

Хабарламаларға жазылу