«Nur Otan» фракциясы алдағы жұмыс жоспарын нақтылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Nur Otan» фракциясы алдағы жұмыс жоспарын нақтылады

12.02.2021

Алдағы 5 жылда 977 мыңдай отбасын баспанамен қамту көзделген. Ал апаттық және үш аусымда оқитын мектептердің мәселесін шешу үшін 800 жаңа мектеп салынбақ. Ол үшін Елбасы тапсырмасымен 2025 жылға дейінгі жұмыстардың жол картасы әзірленген. Бүгін «Nur Otan» партиясы парламенттегі фракциясының отырысында осы жайттар айтылды.   

Оңғар Алпысбайұлы, тілші: 
Әзірленген Жол картасы бойынша 362 іс шараны жүзеге асыру жоспарланған. Әр жылы атқарылуы тиіс жұмыстардың межесі де нақты көрсетілді. Білім, медицина, жұмыспен, баспанамен қамту, кадр тапшылығын жою, кәсіпкерлікті дамыту, сияқты әлеуметтік маңызы бар салаларға бас назар аударылады. Сондай-ақ ел экономикасын, өңірлерді дамытудың жолдары да нақты көрсетілген. Үкімет басшысы Асқар Мамин биылдың өзінде ел экономикасы 3 пайыз өседі деп сендірді. 
Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы: 
Бұл Жол картасы – әрбір облысты, әрбір ауданды әрбір ауылды және барлық халықты қамтиды. Және алға қойған міндеттерді, ашық, сапалы, тиімді орындауға кең жол ашады. Себебі онда партиямыздың Төрағасы, Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, барлық сала бойынша, әсіресе, әлеуметтік сұрақтарды шешудің нақты шаралары көрсетілді. Енді осы Жол картасын Мәжілістің «Nur Otan» фракциясы қатаң бақылауға алатын болады.  
Оңғар Алпысбайұлы, тілші: 
Жол картасында көрсетілген жұмыстардың жүзеге асырылуын Парламенттігі салалық комитеттер бақылайды. Тіпті әр бағыт бойынша жұмыстың жүргізілуін қадағалап отыратын депутаттар анықталып қойған. Жалпы Парламенттегі Нұротандықтар жол картасындағы жоспарды толық қолдады. Және оларды жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктердің бар екендігін атап өтті.


Хабарламаларға жазылу