«Қайырымды істер» марафоны. Ел аумағында осындай атаумен игі шара басталды. Елордада донорлар мен меценаттардың басын қосқан Ақпарат және қоғамдық даму министрі жобаның маңыздылығына тоқталды. Аида Балаеваның сөзінше, қайырымдылық жасау - ежелден қазақ халқының қанында бар ізгі қасиет. Індет кезінде барша ел болып игі істердің жанынан табылғанымыз – соның айқын дәлелі. Әсіресе, волонтерлардың еңбегі ерен. Осы қамқорлық жалғасын табуы тиіс деген министр, еріктілерді, жаны жомарт азаматтар мен жүрегі кең ағайынды ынталандыру мәселесі күн тәртібінде тұрғанын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, нақты және тиімді құқықтық тетіктерді белгілейтін түзетулер әзірленуде.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
Сөз жоқ, қайырымдылық, меценаттық және донорлық – біздің қоғам үшін ең маңызды бағыттардың бірі. Сондықтан да, Президентіміз Тәуелсіздіктің 30 жылдығын кең көлемде атап өтуде халық бірлігін арттырып, елді ұйыстыруға арналған ізгі жобаларға басымдық беруге шақырған. Себебі қоғамның әлеуметтік-маңызды мәселелерін шешуде мемлекет, қоғам, бизнес өкілдері арасындағы әріптестікке артылар сенім зор.
Мақсұтбек Айтмағамбет, «Altyn Qyran Foundation» ҚҚ атқарушы директоры:
Қазақта жетім, жесір болмаған. Үнемі көмектескен бір-біріне. Үйі болмаса, асар жасап, үй салған. Бұл тек, бір жылда ғана жасамай, әлі де жалғастыру, кеңейту керек. Халқымыздың жағдайын жақсарту үшін істеліп жатқан дүние.
Армангүл Тоқтамұрат