Түркістандағы жалғыз мәдениет үйінің ғимараты сатылып кеткен - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістандағы жалғыз мәдениет үйінің ғимараты сатылып кеткен

08.02.2021

Түркістан қаласында мәдениет үйі жоқ. Рухани астанамыздағы жалғыз мәдениет үйінің ғимараты екі жыл бұрын жеке меншікке сатылып кеткен. Ал, өнер ордасы орталықтан бес шықырым жердегі Бірлік ауылына көшірілген. Аядай тар бөлмеге қамалған өнер иелері шығармашылық өркендеу туралы айтудың өзі артық дейді.

Түркістандағы мәдениет үйінің қырықтан аса қызметкері қазір ауылдың ескі клубына жайғасқан. Қабырғалары жарылып, жылуы жүйесі істен шыққан мәдениет ошағының бір бөлмесін қызметкерлер көмірмен жылытып отыр. Сыймағандары кіре берістегі дәлізге жайғасқан. Карантин талаптары туралы

Айнұр Ақбаева, тілші:
- Ауылдық клубтың акт залы күн суытқалы жылытылмаған. Салдарынан бірде-бір шара өткізілмепті. Қазір мәдениет үйінің сахнасы босап, тек декарациялық заттар жинаулы тұр.

Ауылдық клубқа көшкелі бері біраз қиындықты бастан өткердік дейді мамандар. Сахналық киімдер бір бөлмеде шаң басып, дайындық шараларды өткізудің өзі мұңға айналған. Ал, декорациялық заттар сыймағандықтан әркімнің үйінде тұр.

Мұрат Жұманов, Түркістан қалалық мәдениет үйінің бөлім меңгерушісі:
- Қалған біраз заттар осындағы Ерубаев интернатында. Олардың енді келешек іс-шараларға жарайтынын-жарамайтындығын білмеймін.
Қарлығаш Сейітжапбарова, Әжелер ансамблінің мүшесі:
-Мәдениет үйі керек.

Жергілікті билік өкілдерінің мәліметінше, орталық алаңдағы бұрынғы мәдениет үйі былтыр 228 млн теңгеге сатылып кеткен. Яғни, нысанды қайта жөндегенше, жаңасын салу тиімді деп тапқан.

Жанерке Жарылқасын, Түркістан қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:
- Ол жерде күрделі жөндеу жұмыстарының орнына жаңасын салу туралы шешім қабылданды. Осы мақсатта жекешелендіру жұмыстары да жүргізілді. Сатылым жүргізіліп қойылған.

Ал, жаңа мәдениет үйі Кентауға барар жолда салынбақ. Бірақ құрылыстың қашан басталары белгісіз, себебі жобалау жұмыстары енді жасалып жатыр. Сондықтан, ғимарат салынып біткенше, мәдениет қызметкерлеріне ескі клубты паналауға тура келеді.

Түркістандағы Мәдениет үйінің сатылуына қатысты Қылмыстық кодекстің 371-ші «Салғырттық» бабы бойынша тергеу жүріп жатқаны белгілі болды. Себебі, ғимаратты жекешелендіру алдында 22 млн теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген болып шықты. Ал, саудаға шығарылғанда бұл жәйт ескерілмеген.

Айнұр Ақбаева


Хабарламаларға жазылу