Вирус өршіп, Еуроодақ елдері шекараларын жауып жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Вирус өршіп, Еуроодақ елдері шекараларын жауып жатыр

08.02.2021

«Коронавирустың мутацияға ұшыраған түрлері Еуропада пандемияның үшінші толқынына әкелуі мүмкін». Қарт құрлық вирусологтары осылай дабыл қағуда. Вирустың таралуына тосқауыл қою үшін Еуроодақ елдері ішкі, сыртқы шекараларын жауып, карантинді күшейтіп жатыр. Қазір Брюссельден Нұрсұлу Қасым байланысқа шықты.

Нұрсұлу Қасым, тілші:
-Қазір бәрінен де Португалияға қиын болып тұр. Ел ауруханаларында ковидпен түскендерді жатқызатын орын болмай, уақытша госпитальдар салынуда. Науқастарға қарайтын медицина мамандары тапшы болғандықтан, Еуропа елдері көмек қолын созуда. Лиссабонға алғашқы болып Германияның дәрігерлері мен медбикелері жетті. Грекияда да індет өршіп тұр. Мутацияға ұшыраған вирус түрлері 25 пен 44 жас аралығындағы жастардан жиі анықталып жатыр. Ел астанасы Афина мен екінші ірі қаласы Салоникиде енді демалыс күндері кешкі сағат 6-дан кейін үйден шығуға тыйым салынды. Бірқатар Еуропа елдері вирустың мутацияға ұшыраған түрлерінің таралуына тосқауыл қою үшін Ұлыбритания, Португалия, Оңтүстік Африка, Бразилиямен әуе қатынасын тоқтатқан болатын. Сыртқы шекарадан бөлек Одақ елдері ішкі шекараларын да жауып жатыр.
Американың Pfizer мен немістің BioNtech компаниялары Еуропаға уәде еткен дозаны жеткізе алмай отыр. Еуропалық комиссия америкалық Moderna вакцинасының 160 млн дозасына тапсырыс беріп, қазір қарттар мен медицина саласының қызметкерлеріне сол егілуде. Осы сенбіде британдық AstraZeneca екпесінің 450 мыңдай данасы жеткізілді. Бірақ бұл вакцина Оңтүстікафрикалық штамға төтеп бере алмауы мүмкін-дейді вирусолгтар. Одаққа мүше елдердің басшылары Еуропалық комиссиядан басқа да фармкомпаниялардың өнімін пайдалануға тезірек рұқсат беруді талап етуде. Тіпті, Австрия Премьер-министрі егер дәрі-дәрмек жөніндегі Еуропалық агенттік рұқсат етсе, Ресей мен Қытайдың вакцинасын Австрияда шығаруға дайынбыз-деп мәлімдеді.

Нұрсұлу Қасым


Хабарламаларға жазылу