Елордада ұтысқа таласқандар санитарлық талапты ұмыт қалдырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елордада ұтысқа таласқандар санитарлық талапты ұмыт қалдырды

08.02.2021

Карантинге қарамастан, бас жүлдені алу үшін адамдар басын қауіп-қатерге тікті. Елордада гүл дүкенінің ашылуына орай ұтыс ұйымдастырылып, қарақұрым халық жиналды. Мұнда санитарлық талапқа сай арақашықтық сақтау былай тұрсын, адамдар бірін-бір таптап кете жаздады. Ал ұйымдастырушылар жазасыз қалмады.

Гүл сататын дүкеннің алдында ине шаншар орын жоқ. Біразы тіпті ғимараттың шатырына шығып кеткен. Ал, дүкен орналасқан Мәңгілік ел көшесінде көпшіліктің шамадан тыс жиналуынан кептеліс пайда болды. Бір мезетте 3 мыңдай адамның осы жерге ағылуына себеп болған басты жүлде – жеңіл көлік. Жұрт дүкенге баса-көктеп ұмтылды.

Ұтыс ойынын ұйымдастырушылар полиция департаментіне жеткізілді. Олар көпшілік-мәдени шараларды өткізу ережесін бұзу бойынша әкімшілік жазаға тартылып, 60 мың теңге көлемінде айыппұл арқалады. Кінәлары мұнымен шектелмейді.

Азамат Садықов, қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бөлім басшысы:
-Абаттандыру мәселесін бұзғаны бойынша 30 АЕК жауапкершілікке тартылған. Сонымен қатар карантиндік талаптарды бұзғанына байланысты СЭС органдарына құжаттар жіберілді.

Себебі, бас санитар дәрігердің қаулысы өрескел бұзылып отыр.

Ержан Байтанаев, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі:
-Прокуратурада тіркелді. 230 АЕК айыппұл салынды, 700 мың теңгедей. Заңды белден басты. Пандемия кезі болмайды.

Оқиға кеше тіркелді. Ашылмай жатып аты шыққан дүкен алды бүгін тым-тырыс. Біз Азамат есімді әкімшісімен телефон арқылы мән-жайды сұрап көрген едік.

Еске салайық, былтыр желтоқсанда Шымкентте де осыған ұқсас жағдай болған еді. 500 кілемді тегін таратамыз деген жарнамаға сеніп дүкенге ағылған нөпір халықты полицейлер әзер тоқтатқан. Тегін дүниеден дәмелі мыңнан аса адам тұрғын түнгі сағат екіден кезекке тұрды. Бірақ, қарақұрым халықтан шошынған кәсіпкер дүкенін ашпай қойды. Өзі 700 мың теңге айыппұл арқалады. Жалпы, бұл оқиғаларға қатысты көзқарас сан алуан.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу