Жамбыл облысында қос ауданды жалғайтын көпір апаттық жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбыл облысында қос ауданды жалғайтын көпір апаттық жағдайда тұр

08.02.2021

Жамбыл облысында Талас пен Жамбыл ауданын жалғайтын көпір апаттық жағдайда тұр. Қос ауданның тұрғындары бастарын қауіпке тігіп қирағалы тұрған көпірден амалдап өтуде. Жергілікті жұрт көпір қираса облыс орталығымен жол қатынасы үзіле ме деп алаңдайды. .

Сәбит Әлдебай, тілші:
-Кеңестік кезеңде салынған бұл көпірдің жергілікті тұрғындар үшін маңызы зор. Өйткені қос ауданды жалғап жатқан өткел арқылы күнделікті алыс-беріс, барыс-келіс жүреді. Қазір мына апаттық жағдайдағдағы көпірдің қоршаулары суға ағып кеткен, ал мына көпірді ұстап тұрған діңгектері де қираудың аз алдында тұр.

Аса өзенін басып өтетін Ерназар-Қойгелді тас жолындағы жалғыз көпірмен күн сайын жүздеген жолаушы қатынайды. Қазір облыс орталығына апаратын жолдағы бұл өткелден өту мұңға айналған.

Серік Ошақбаев, Тамды ауылының тұрғыны:
-Жалғыз Тамды емес барлығы осымен жүреді. Қазір де әрең өттік көріп тұрсыздар.

Жергілікті тұрғындар проблеманы жылда көтереді. Алайда, «әні-міне істеледі деген бос уәдеден кейін әкімдіктегілерге сенуден қалдық» дейді олар.

Гауһарбек Шонтаев, Өрнек ауылының тұрғыны:
-Талай машина да түсіп кетті бұл жерден, енді мынандай су келіп тұратын болса жазға жетпейді-ау.

Жарты ғасыр бұрын салынған өткел ешқашан жөнделмеген. Тек бірнеше жыл бұрын тексеріліп, апатты деп танылған. Алайда, әкімдік өкілдері көпір әлі де қызмет көрсетуге жарайды деп жайбарақат отыр.

Бақытжан Қазанбасов, Талас ауданының әкімі:
-Апаттық жағдайда болғанда оның әлі стойкалары әлі жақсы, бірақ үлкен машиналар өтуге тыйым салған. Осы мәселе алдында көтерген кезде тиісті құжаттарын жасап облысқа сараптамаға ұсындық, биылғы жылы шешімін табады деген жоспарымыз бар.

Қазір мұнда көпірдің апатты жағдайда екенін ескертетін бірде-бір белгі жоқ. Тұрғындар онсыз да жүк көліктерімен өтпейміз дейді. Олар малға қажетті жем-шөп әкелу үшін 50 шақырым жер жүріп, апатты көпірді айналып өтуге мәжбүр.

Сәбит Әлдебай


Хабарламаларға жазылу