Шымкентте 250-ден астам автобус жүргізушісі жұмысқа шықпай қойды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 250-ден астам автобус жүргізушісі жұмысқа шықпай қойды

03.02.2021

Бүгін Шымкентте жолаушылар тасымалымен айналысатын «Symkentbus» компаниясының 500-ден астам жүргізушісі мен кондукторы наразылық танытып, жұмысқа шықпай қойды. Салдарынан 14 бағыт бойынша 250-ден астам автобус жолаушыларға қызмет көрсеткен жоқ.

Автопарк алдына таңғы 5-6-да жиналған компания қызметкерлерінің басты талабы-жалақыны көтеру. Осы күнге дейін автобус жүргізушілері айына орта есеппен 110-120 мың теңге жалақы алып келген. Есесіне күніне 15-16 сағатқа дейін жұмыс істеген. Ең сорақысы компания жанар-жағармай мен көлікті кешкісін жуып-тазалау шығынын да біздің мойнымызға артып қойды -деп ашынады олар.

Серік Назымбеков, автобус жүргізушісі:
-Бірінші кезекте жүргізушілердің жағдайын жасасын. Айлығымызды көбейтсін және кондукторларға жеке айлық берсін. Сонан соң жұмыс соңында план сұрамасын. Қанша ақша түседі, сонымен жауып отырсын.

Кондукторлардың жағдайы бұдан да мүшкіл. Олар мекемеден ешқандай еңбекақы алмаған. Тек жүргізушілердің өз қалтасынан берген азын-аулақ ақшасын қанағат тұтып жүрген.

Былтыр «Төлем» электронды жүйесі енгізілгелі жағдай тіпті қиындап кетті,-дейді олар. Валидаторлар жиі істен шығады. Сондықтан жолаушылардан төлемақы алу мүмкін емес. Ал компания мұны ескерместен әр автобусқа күніне 20 мың теңге табыс табуды міндеттеп қойған. Наразы топтың шағымын тыңдауға қала әкімінің өзі келді. Мәселені бүгін жұмыс уақыты аяқталған соң бірге отырып шешуді ұсынды.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:
-Мен сендерге шынын айтайын, қазір шықпаған жағдайда басқа да әрекеттер жасаймыз. Бұдан ешкім ұтпайды.

Бұл дауға еңбек инспекциясы да араласты. Жеке азаматтардан шағым түспегенімен, қызметтік тексеру жүргізбек. Қызметкерлердің талабына байланысты компанияның экономикалық жағдайы сараланған соң ғана түпкілікті шешім қабылданады.

Ғани Қалмаханов


Хабарламаларға жазылу