ШҚО-дағы қоғамдық көліктерге тексеріс жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-дағы қоғамдық көліктерге тексеріс жүріп жатыр

16.10.2019

Шығыс Қазақстан облысындағы қоғамдық көліктердің 65 пайызы ескірген. Сол себепті автобустардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Мәселен, жыл басынан бері аймақта көлік апаты кезінде автобустың ішінде отырған 3 адам қайтыс болды. 70 адам түрлі жарақат алған. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға көп. Тақырыпты осы өңірдегі тілшіміз Берік Көшербай тарқатады.

Республикалық «Автобус» жедел алдын алу шарасы аясында Шығыс Қазақстанда 1 мыңнан астам автобус тексерілді. Нәтижесінде 14 көлікке жолаушыларды тасмалдауға тиым салынды. Өйткені олардың техникалық жағдайы талапқа сай емес. Ал 120-дан астам автобус ауаға зиянды заттарды белгіленген мөлшерден көп шығаратыны анықталды.

Берік Көшербай, тілші:

Қоғамдық көліктер қаншалықты ластап жатқаны арнайы құрылғымен тексеріледі және нәтиже бірден белгілі болады. Мысалы, мына автобустан шығатын зиянды газдардың мөлшері 83 пайыздан асып кетті. Ал норма бойынша 50 пайыздан көп болмау керек. 

Енді бұл автобустың жүргізушісі әкімшілік айыппұл төлейді. Полиция өкілдері планшетпен сол жерде электрондық хаттама толтырды.

Александр Ключев, көлік жүргізушісі:

Көліктің техникалық жағдайын жауапты маманға айтамын. Анықталған кемшілікті жою керек. Өткен жолы тексергенде бәрі қалыпты мөлшерде болған, ал бүгін артық деп көрсетті. 

Шығыс Қазақстанда үлкен-кішілі 6386 автобус бар. Олардың 65 пайызы ескірген. Көбінің техникалық жағдайы сын көтермейді. Бұдан былай жолаушыларды тоз-тозы шыққан автобуспен тасымалдаған жүргізушілерді полиция жауапкершілікке тартады. 

Еркін Ануарбеков, облыстық ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары:

Экономика жағына келетін болсақ, жаңа айттым ғой, жеке тұлғалардың да автобустары бар. Бұл - олардың күнкөрісі. Бірақ бір жағынан қарасақ, тағы келмейді, өйткені адамның өміріне қауіп төнеді ғой. 

«Автобус» жедел алдын алу шарасы аясында Өскеменде қоғамдық көлікті есірткі зат қолданып тізгіндеген жүргізуші де ұсталды. Полиция қадағалауды күшейткен сайын, қаладағы автобус жүргізушілері айыпұлмен көлік жүргізушісі куәлігенен айырылып қаламыз ба деп секемеденеді. Мысалы, кеше Өскеменде бірқатар шағын автобус жүргізушілері жұмысқа шықпай қойды. Осылайша еркіндік берсең есіріп, жауапкершілікке тартсаң, үйінде жатып алатын жағдайға жеттік.

Берік Көшербай

Хабарламаларға жазылу